Байжанов оқиға болған күні хабарласқан дәрігер сотта жауап берді

Сағыныш Сардарова 18 апр. 2024 11:33 12165

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында кезекті куәгер - оқиға болған күні Байжанов қоңырау шалған дәрігер, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қайғылы оқиға болған күні Бақытжан көмек сұрап, Ерсұлтан есімді дәрігерге хабарласқан.

Ерсұлтан Сәрсенбаев "Материнство детства" орталығында дәрігер болып жұмыс істейтінін жеткізді. Ал Байжановпен таныстығы ұзаққа созылмаған. 2023 жылы қазанда қосымша табыс табу үшін BAU мейрамханасының бір бөлігін жалға алып, кальян шегетін орын ашқан екен. Олар содан бері таныс. 

9 қараша қайғылы оқиға болған кезде Байжанов оның дәрігер екенін біліп, Салтанаттың жағдайын көрсін деп қоңырау шалған. 

"Мен жұмыста болғандықтан, “бара алмаймын, жедел жәрдем шақырыңдар” дедім. Қазір жекеменшік жедел жәрдем қызметі де бар, "шамамен 40 мың теңге" дедім. Телефонмен консультация бере алмаймын, оның түрін, халін өз көзіммен көре алмағандықтан, ештеңе айта алмаймын. Бірақ маған таңға дейін ішімдік ішті, қазір ұйықтап жатыр, оянбай жатыр, бір көзі қызарған деді. Оның түсіндіруі бойынша, бұл – алкогольді интоксикация боп көрінді”, – деді куәгер.

Ол 1 сағаттан кейін қайтадан Байжановқа қоңырау соғып, жедел жәрдем шақырған-шақырмағанын сұраған. Олар әлі шақырмағанын айтыпты.

"Жеңгесінің бөлмесіне кіре алмаймын деді. Ол бөлек кабинкада отырғанын айтты", – деді ол.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.

Кейінірек сот отырысында Байжанов Бишімбаев сотқа әкеле жатқан кезде жауаптарына әсер еткісі келгенін мәлімдеді.

"Бишімбаев "жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт" деді. "Айтпасаң, сенің басыңа келсін, сенің балаларыңның басына келсін деп қарғаймын" деді. Тергеу изоляторында анда-санда (Бишімбаевпен - еск.) кездесіп жүрдік. Сол кезде "нашатырь беріп жатқанда, сен қарап тұрдым деп айт" (деді - еск.). Бірақ мен сыртта қалдым", - деді Байжанов.

Бұған дейін Бақытжан Байжанов Бишімбаев тарапынан өзіне қысым жасалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, бөлек отырғысы келетінін мәлімдеді.

"Бишімбаевтың Байжановқа сөйлеуге мүмкіндігі болмаса екен. Байжанов өзіне қысым көрсетіліп жатыр деп санайды. Олардың арасында қақтығыс болып жатыр. Тым құрығанда ертең (бөлек отырса - еск.)", - деді Байжановтың адвокаты.

Мұны Байжановтың өзі де растады.

"Ол маған жауап беру кезінде "былай айт, былай айт" деп қысым көрсетіп жатыр", - деді Байжанов.

Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылып отыр:

  • 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
  • 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау). 

Рекомендовать
Последние новости