“Ескі Қазақстан Тоқаевқа қарсы ақпараттық науқан жүргізіп жатыр ма?”. Назарбаев қоры жауап қатты

Қаракөз Амантай 16 апр. 2024 15:30 14335

Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік медиа Нұрсұлтан Назарбаев қоры "биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан" жүргізіп отыр деп жариялады. Осы тұста қор көпшілікке мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстанда су тасқыны болып, ахуал өткір сипат алып тұрған шақта кейбір әлеуметтік медиа Нұрсұлтан Назарбаев Қоры “биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан” жүргізіп отыр деп жариялады. Жасырын дереккөз жариялаған ақпаратты жеке тұлғалар да айтып, негізсіз айып тақты”, - делінген хабарламада.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ екенін айтады. Олар қоғамға шынайы және сенімді ақпарат берудің маңыздылығын атап көрсетеді.

“Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, ел жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Бұл күндері ел тұрғындары сияқты Тұңғыш Президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз”, - дейді қор.

Мәлімдемеге сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаев қоры зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау үшін алғашқылардың бірі болып ақша аударып, қаржылай көмек көрсеткен екен.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Ескі Қазақстанды жақтаушылардың белсенділігі артты.

Ал тарап жатқан ақпараттардың сарыны бір. Олар Назарбаев билікте отырған кезде халықтың жағдайы жақсы болыпты деген пікірді желеу етіп жүр.  Мәселен, “Елбасы Назарбаев” деп аталатын TikTok арнаның Назарбаев тарапына түсірілген видеолары миллиондап қаралым жинап үлгерген.

Парақшадағы видеолардың бірінде "халық Назарбаевқа шүкіршілік жасай алмағаны" айтылады.

"Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді! Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік! Елбасым, сенің қадіріңді түсінбеген халықтан кеткенің де дұрыс болған-ау!", - дейді видео авторы.

Бұл видеоға жазылған пікірлер – "боттар армиясының" жұмысы тәрізді.

"Тек Қазақстанның емес, Әлемнің көшбасшысы"

"Атамыз қайтып келсе, ешкімнен қорықпай өмір сүреміз"

"Аман болсын, көреген еді, бәрінің алдын алып отыратын еді" - деген сыңайдағы пікірлер көптеп жазылған.

Тағы бір видеода су тасқынына қатысты жағдай көрсетіледі. Видео мазмұны бойынша, "Назарбаевтың кезінде мұндай жағдай болмаған".

Журналист Сырым Итқұловтың сөзінше, Арыстағы жарылыс, шахталардағы жарылыс, Қаңтар оқиғасы секілді алдымыздан шыққан проблемалар әлеуметтік экономикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да құлдырау екенін көрсетіп отыр.

"Бұл сол жұмыстардың жемісі (нақты айтқанда жұмыс атқарылмауының) – бүгін аяқ асты сағына қалған, елді 25 жыл басқарған биліктің жұмысы. (...) Қазіргі проблемалардың контекстіне қарасақ, олардың себебі де белгілі: 30 жылда бірде-бір дамба салынбаған, ТКШ мен инфрақұрылымға инвестиция салынбаған", - дейді журналист телеграм арнасында.

Қала берді, “Елбасы кеткелі халықтың жағдайы нашарлап кеткен” деген мазмұндағы видеопайда болған.

Ал бүгін мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ескі Қазақстан су тасқынын пайдаланып билікке келмек деген ойын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда президент Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатыр

"Президент Тоқаев ҚР конституциясы бойынша Қазақстан Республикасының легитимді президенті. Кейбір сын айтушылар - сын айтып отырған жоқ. Олар біздің елімізде саяси дестабилизация жасауға тырысып отыр. Олар реваншистік күштерге керек. Ал олар қиын-қыстау заманды пайдаланып, қайтадан билікке келуге тырысып отыр. Реваншистік күштер деген кім? Олар бұрынғы мемлекет басшысының айналасында жүріп, байып алған, қалтасын толтырып алған, халықтың бүкіл ақшасын жеп үйренген", - дейді депутат Abay live YouTube-арнасынаберген сұхбатында. 

Саировтың сөзінше, олардың жоспары бойынша қазіргі таңда президентті ақпараттық деңгейде дескредитациялау болып жатыр. 

"Сонымен қатар, "Шал, кел" деген неше түрлі челлендж болып жатыр. Мұның бәрі ұйымдасқан түрде болып жатыр. Бұл сын емес, мемлекетке қауіп төніп тұрған кезде мемлекеттің ішіне іріткі салу", - дейді депутат.  


Рекомендовать
Последние новости