2025 жылдың шілде айының басындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 8,8 млн бас ірі-қара бар, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,3 -ға көп. Оның ішінде сиыр саны 16,3%-ға өсіп, 4,5 млн басқа жетті. Еліміздің шаруашылықтарында тірідей өткен ірі-қара етінің салмағы 352,5 мың тоннаны (бір жыл бұрынғыдан 1,4% аз), ал сойылғаннан кейін 182,3 мың тоннаны (бір жыл бұрынғыдан 1,1% кем) құрады, деп хабарлайды Dalanews.kz Energyprom-ға сілтеме жасап.
Тірідей салмақта ең жоғары көрсеткіштер мына өңірлердің шаруашылықтарында тіркелді:
- Түркістан (48,2 мың тонна),
- Алматы (36,9 мың тонна),
- Ақтөбе (33,9 мың тонна) облыстары.
Сою және сойылғаннан кейін өткізу кезіндегі ең жоғары көрсеткіштер бойынша мына өңірлер алда:
- Түркістан облысы — 25,3 мың тонна,
- Алматы — 18,6 мың тонна,
- Ақтөбе-17,3 мың тонна.
Сиыр етінің бағасы қанша?
2025 жылдың шілде айының қорытындысы бойынша, бір айда сүйекті ет құны 1,8% және жылдық динамикада 19%-ға өсті.
Өңірлерге бөліп қарастырсақ, бір айда қымбатшылық мына өңірлерде тіркелді:
- Шымкентте (9,6%-ға),
- сондай-ақ Жетісуда (5,8%-ға),
- Түркістан (4,5%-ға),
- Солтүстік Қазақстан облысы (4,3%-ға),
- Маңғыстау облысы (2,9%-ға).
Аздап қымбаттау Ақтөбе және Қостанай облыстарында (әр аймақта 0,1%) тіркелді. Сонымен қатар сүйектері бар сиыр етінің бағасы тек Абай облысы мен Алматыда алдыңғы айдағыдай өзгеріссіз қалды. Жылдық динамикада бағаның ең жоғары өсімі Шымкентте байқалды: 34,3%. Одан кейін Ұлытау (27,6% - ға) және Ақмола (26,5% - ға) облыстары тұр. Жылдық өсім бойынша онша қатты қымбатшылыққа Атырау облысы (10,2% - ға), Алматы (12,4% - ға) және Астана (12,5% - ға) көп ұрынбаған.
Шілде айында сүйекті сиыр етінің еліміздегі орташа құны 3,2 мың теңгені құрады.
- Ірі қалалардың ішінде ең жоғары бағалар Өскеменде, Ақтауда және Шымкентте тіркелді: 1 келісі 3,5 мың теңгеден.
- Ең төмен бағалар Орал мен Ақтөбеде (1 келісі 2,8 мың теңгеден), сондай-ақ Атырауда (1 келісі 2,9 мың теңге) байқалды. Осы жағынан алғанда, еліміз бойынша орташа айлық жалақыны ескере отырып есептесек, қазақстандықтар айына орта есеппен 127,2 келі сиыр етін сатып ала алады екен.
Бұл көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністе Атырау (217,4 кг), Жезқазған (165,8 кг) және Ақтау (163,9 кг) тұрғындары көш бастайды. Бір номиналды жалақыға сиыр етінің ең аз мөлшері Шымкент (90,5 кг), Петропавл (92,2 кг) және Қонаев (94,6 кг) тұрғындарына тиесілі.
Астанада бұл көрсеткіш 158,8 келіні, Алматыда 162,3 келіні құрайды. Бұл арада елдің ірі қалаларындағы орташа айлық жалақы көрсеткіштері пайдаланылды (2024) және сол қалалардағы сиыр етінің бағасы есепке алынды (2025 жылғы, шілде).
Қазақстандықтар ет жеуден әлемде нешінші орында тұр?
"Қазақстан мен басқа елдердегі сиыр етінің қолжетімділігін салыстырып көрелік. Ол үшін біз Numbeo сервисінің деректерін, атап айтқанда орташа таза (салықтар ұсталғаннан кейінгі) жалақы мен сиыр етінің бағасын (жамбас бөлігі) қолдандық. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 13 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанда бір жалақыға 78 келі сиыр етін сатып алуға болады екен", - дейді сарапшылар.
Осындай көресткішпен Қазақстан әлемдегі 127 елдің ішінде 63-ші орында тұр. ТМД елдерінің арасында Қазақстанға қарағанда бұл реттегі жағдай әлдеқайда жақсырағы: Беларусьта - 93,8 келі сиыр еті, сондай-ақ Ресейде - 79,3 кг.
Қазақстаннан төменде Молдова (77,4 кг), Украина (66,5 кг), Қырғызстан (54 кг), Өзбекстан (53,4 кг), Армения (48,9 кг), Әзербайжан (46,1 кг) және Тәжікстан (25,5 кг) тұр.
Әлемдік рейтингте Қатар (348,2 кг) мен Кувейт (312,6 кг) және Мэн аралы (302,1 кг) көш бастайды. Ең төменгі көрсеткіштер Кубада (3,4 кг), Сирияда (4,3 кг) және Эфиопияда (16 кг) тіркелген.
Бұған дейін Ақтөбеде базарда пайда болған ақбөкен еті ажиотаж туғызғанын жазғанбыз. Марал еті бүгіндері еліміздің төрт өңірінде базарға шығарылған. 1 келісінің құны 1300-1800 теңге аралығын қамтиды.