Ақтөбедегі базарда айналдырған екі күн ішінде киік етінің төрт тоннасы өтіп кетіпті. Сұрап келушілер саны жетерлік. Көбісі бағасына қызығады. Сиыр мен жылқы етінен екі есе арзан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, ақбөкеннің төрт аяғын түгелдей бүтін алса, 30 теңгеге шығады. Ал келесін 1800 теңгеден сатып тұр.
"Қалтаны көтеретін, күнделікті қуырмашқа, қуырдақ қуыруға пайдалы. Сол үшін келіп тұрмын. Бұрын-соңды киік еті Ақтөбеде бұлай ашық сатылмаған. Тек 80-жылдардың соңында ғана дүкенге шығарылған. Сондықтан бағасына жұрт қызыққанымен, оны кәдеге жарату жағын көбісі біле бермейді. Сорпаға татымайды", - дейді ақтөбелік Шәрбат Сәрсенбаева
Мамандар киік еті денсаулыққа пайдалы деп отыр. Диета ұстап, өзін баптап қалған адамдар алса болады деп кеңес береді. Себебі, еті майлы емес, құнары жоғары. Ал кәуапқа жарай бермейді.
"Кеңес Одағы кезінде алдық. Ол кезде келісі бір сом тұратын. Қазір де сиыр етінен арзан сатылып жатыр. Шебер әйел болса, киік етінен қуырдақтан бастап, сорпаның түр-түрін, басқа мал етімен араластырып турап, котлет, тағы басқа тағам әзірлеуге болады. Бұрын қиналған кезде алдық қой", - дейді тағы бір жергілікті тұрғын Светлана Иванова.
Осыдан екі жыл бұрын Оралдан ауланған ақбөкен етін Ақтөбеге әкелгенде тұрғындар қызыққан. Бірақ құжаты болмай, соңы шуға айналып еті кәдеге жарамай қалып еді. Биыл ет өткізу жағын жолға қойыпты.
"Бүкіл құжаты Оралдан тексеріліп бізге келеді. Бізге келгеннен кейін Ақтөбе мамандары қайтадан тексереді. Сол рұқсат қағазымен базарға, бізге, саудаға кіреді. Халық жақсы алып жатыр, ұнатып жатыр. Үш күннен бері сұранысы жақсы. Ақтөбеге көршілес Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында ақбөкен аулауға рұқсат берілген. Етін арнайы цехтарға өткізіп, сол арқылы ғана сатылымға шығады", - дейді базар әкімшісі Гүлнар Тілеу.
Айта кетсек, 2025 жылы 17 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдегі ақбөкен популяциясын қалпына келтіру мақсатында Қытайдың батыс бөлігіне жіберу үшін Қытай үкіметіне 1,5 мың ақбөкен беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл үшін алғыс білдірді, өйткені Қытай ақбөкендер популяциясын қалпына келтіруді маңызды мәселе деп санайды.
Бұған дейін Ауылшаруашылығы министрі ақбөкен етінің бір келісі 1600 теңге болуы мүмкін екенін айтқан еді.