Қазақстан Қытайға 1,5 мың ақбөкен сыйлайтын болды

Кәмшат Тілеухан 17 мау. 2025 13:02

Қазақстан Қытайға 1,5 мың ақбөкен сыйлайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ретте ҚР Президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта былай делінеді:

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдегі ақбөкен популяциясын қалпына келтіру мақсатында Қытайдың батыс бөлігіне жіберу үшін Қытай үкіметіне 1,5 мың ақбөкен беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Өз кезегінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл үшін алғыс білдірді, өйткені Қытай ақбөкендер популяциясын қалпына келтіруді маңызды мәселе деп санайды".

Айта кетсек, Қазақстанда көбейіп кеткен ақбөкендер мәселесі биыл көктемде Мәжілісте көтерілген болатын. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы киік санын реттеу тетігін құруды, әсіресе көктемде қаптап кететін өлекселерін қауіпсіз жою жүйесін қалыптастыруды ұсынған. Себебі 2024 жылы бір Батыс Қазақстан облысында киік саны 2,3 миллионға жеткен, алдағы екі жылда 5 миллионнан асады деген болжам бар. Мамандардың айтуынша, облыс экожүйесі ең көбі 500 мың бас киікті ғана көтере алады. Сондай-ақ депутат 2023 жылы БҚО-дағы 921,7 мың гектар жерді киік таптап, егістік алқаптар мен жайылымдарды жарамсыз күйге түсіргенін айтады. Нәтижесінде төрт аудан (Бөкей Ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов) төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар