Қазақстанда бір адамға 5 литр су мөлшерінде шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – Су ресурстары министрі

Қаракөз Амантай 12 мая 2025 17:50 200

Қазақстанда бір адамға күніне 5 литрден су беру арқылы шектеу қою мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Биылдан бастап дифференциалды тарифті енгізіп жатырмыз. Нәтижесінде, халық суды үнемдеуге көшкенін байқадық. Ал егер біреу суды үнемдемесе, көп мөлшерде пайдаланса – ол көбірек төлейді. Демек, оған ондай мүмкіндік берілген. Сондықтан бұл тәсіл ауызсумен қамтамасыз ету саласына енгізілді. Ал сіз қойған сұрақ (Қазақстанда бір адамға суды литрмен шектеу енгізіле ме) – ондай мәселе қаралып жатқан жоқ", – деді министр мәжіліс кулуарында журналистер сауалына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 100 миллиард текше метр су қалыптасады. Оның тек 1 миллиард текше метрі ғана ауызсу ретінде қолданылады.

"Сондықтан жаңа Су кодексінде ауызсумен қамтамасыз ету бірінші кезектегі басымдық ретінде белгіленді. Егер болашақта су тапшылығы туындаса, ең алдымен су ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталады", – деп түсіндірді Нұржан Нұржігітов.


Рекомендовать
Последние новости