Қазақстанда бетті тұмшалап алатын киімдерге тыйым салынбақ

Көркем Алдабергенова 10 июн. 2025 12:36

Сенат бет-жүзді жабатын киімге тыйым салуды көздейтін түзетуді талқылауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенат «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізілетін, бет-жүзді бүркейтін киім түрлеріне тыйым салуға қатысты түзетуді қарастырып жатыр. Бұл бастама Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында талқыланған.

Түзету қабылданса, ел аумағында адамның жүзін толық жауып тұратын маска, балаклава немесе өзге де киім элементтерін киюге тыйым салынуы мүмкін.

Дегенмен, бірқатар жағдайларда мұндай киімге рұқсат беріледі. Атап айтқанда:

  • медициналық себептер бойынша;
  • қызметтік міндеттерді орындау кезінде;
  • спорттық немесе мәдени іс-шаралар барысында, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайларда.

Еске салайық, былтырмаусым айында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қоғамдық орындарда діни киім кию мәселесі 2024 жылдың күзіне қарай қаралатынын мәлімдеді.

"Мәселе хиджабта емес. Мәселе – исламдағы деструктивті ағымдардың Қазақстандағы ұлттық дәстүрлерге зиян келтіріп жатқанында. Егер біз зайырлы мемлекет ретінде дамығымыз келсе, сыртқы идеология мен діни ықпалдың жетегінде болмауымыз керек. Негізгі түйткіл – осында. Біздің болашағымыз – өз ұлттық дәстүрлерімізде", – деді Ермұрат Бапи Мәжіліс кулуарында тілшілерге.

Сонымен қатар, Бапи Парламент дінге және басқа ағымдарға қатысты мәселені қолға алатын заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр деген еді.

“Құжатта мектепке діни киіммен келу де бар. Оған толық тыйым салынады.  Қоғамдық орында бетті жауып тұратын діни киім киюге тыйым салу да бар. Жаза ретінде ескерту жасалып, айыппұл салу да қарастырылады”, – деді Бапи.

Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде орануға тыйым салатын заң жобасы жоқ екенін атап өткен болатын. 

Депутаттың сөзінше, Қазақстанда діни-наным сенімге толығымен еркіндік берілген.

“Ермұрат Сейтқазыұлы Бапидің ол жеке пікірі ғой. Хиджаб, никабқа қатысты мәселе бізді қарастырылып жатқан жоқ. Одан да басқа маңызды мәселе бар ғой”, - деді Елнұр Бейсенбаев.


Рекомендовать
Последние новости