Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл: Бірлік пен татулықтың қазақстандық моделі

Ақтоты Жапатова 18 апр. 2025 11:22 554

Санаулы күндерден кейін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді. Биыл бұл құрылымның құрылғанына 30 жыл. Тарихи мерейтой қарсаңында біз еліміздің басты ерекшеліктері мен Ассамблеяның қазіргі қоғамдағы орны туралы сарапшылар пікірін тыңдадық, - деп хабарлайды Dalanews.kz

— Қазақстан — посткеңестік елдер арасында ерекше мемлекет. Себебі біз — көпэтносты елміз. Мұндай қоғамда тұрақтылық пен бейбітшілік сақтау оңай емес, — дейді «Ұйғыр Авози» газетінің бас редакторы Ершат Асматов. — Мемлекет басшысы мен үкіметке үлкен жауапкершілік жүктеледі. Тек экономикалық немесе әлеуметтік мәселелер ғана емес, ұлттық, этностық тепе-теңдік те үнемі назарда болуы керек. Бұл жерде ең бастысы — елдің бірлігі мен ынтымағы.

Ассамблея — ұлтаралық татулықтың қазақстандық тәжірибесі

Ершат Асматов атап өткендей, Қазақстанда бірегей құрылым — Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істейді. Бұл институт әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі. Ассамблея арқылы елде әр ұлттың мәдениеті, тілі, тарихы сақталып, дамуына жағдай жасалған. Оның үстіне, Қазақстан Конституциясында әрбір этностың құқығы заң жүзінде бекітілген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, оның төрағасы ретінде Президенттің сайлануы — кездейсоқтық емес. Бұл — ойластырылған шешім. Бұған көптеген елдер қызығушылықпен қарап, тәжірибені үлгі етеді.

Ұлттар достығы — сын сағатта көрінеді

Соңғы жылдары елде орын алған табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде Ассамблея және оның мүшелері белсенділік танытып келеді.

— Мысалы, 2010 жылы Қызылағашты су басқанда, Ұйғыр мәдени орталығы 14 мың доллар көлемінде көмек көрсетті. Басқа да төтенше жағдайларда — Мақтаралдағы су тасқыны, батыстағы апаттар, өрт кезінде — түрлі этнос өкілдері, волонтерлер, меценаттар бірлесе отырып, қол ұшын берді. Бұл — нағыз достық пен жанашырлықтың белгісі, — дейді Асматов.

Ассамблеяның эволюциясы және жаңа формат

Өткен жылдары Мәжілісте Ассамблеядан тоғыз депутат сайланып, этностардың мүддесін қорғады. Қазір бұл жүйе өзгеріп, Сенатта бес орын Қазақстан халқы Ассамблеясына берілген. Бұл — ұлттық саясаттағы оң қадамның бірі.

Менің ойымша, кез келген экономикалық не әлеуметтік мәселені шешуден бұрын елдегі бірлік пен татулықты, ұлттық саясатты дұрыс жолға қойған абзал. Көпэтностылық — бұл бөлінушілік емес, керісінше, бауырмалдықтың, түсіністіктің, адамгершіліктің символы. Алла адамдарды түрлі ұлт етіп жаратқан, олар бір-бірін үйреніп, құрметтеуі үшін, — дейді бас редактор.

30 жылдық тәжірибе — әлемге үлгі

Қазақстан халқы Ассамблеясы — өткен отыз жылда ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың берік моделін қалыптастырды. Бұл модельдің өзегі — елдегі барлық этностардың тең құқығы мен ұлттық бірлікке негізделген қоғамдық келісім.


Рекомендовать
Последние новости