Қазақстан eGov-тан бас тартатыны рас па?

Көркем Алдабергенова 30 июн. 2025 13:20

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан eGov порталынан бас тартады деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін кейбір БАҚ-та Ресейлік компания Қазақстан үкіметіне eGov порталына балама цифрлық платформа әзірлейді деген хабар тараған болатын.

"Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат, мен оны растамаймын. eGov – азаматтарымыз үшін мыңнан астам қызметті ыңғайлы түрде ұсынатын өте танымал құрал. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн қолжетімді. Сондықтан eGov порталы халыққа қолжетімсіз болады дегенге жол бере алмаймыз. Бұл – мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы ұсынуға мүмкіндік беретін аса маңызды платформа", – деді Мәдиев Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда отандық "Казтех" платформасы әзірленіп жатыр, және оған ресейлік Сбер компаниясының ешқандай қатысы жоқ.

"Бұл платформа ашық кодты (open source) шешімдерге негізделіп, біздің ұлттық ерекшеліктерге бейімделіп жасалуда. Мұндай платформалық тәсіл – дұрыс бағыт. Бұл – микросервистік архитектура негізінде ақпараттық жүйелерді әзірлеуге мүмкіндік беретін шешім. Қазақстандық мамандар бұл жұмысты өздері атқарып жатыр", – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.


Рекомендовать
Последние новости