Бір топ ғалым қазақтың шежіре жүйесін қайта қарастыруды ұсынады. Онда да оны тек туыстық, рулық желілер тізбегімен ғана емес, елдік сипатта, өзге этностарды қоса қамту және әйелдің қоғамдағы орнын — тарихи және қазіргі контексте де қарастыруға болатыны айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елордадағы ЖОО-лардың бірінде (TAU University) өткен талқыда гендерлік теңдік деген мүмкін емес, оның орнына гендерлік әділеттілік ұғымын қолданысқа енгізу ұсынылды.
"Гендерлік әділеттілік - бүкіл қоғамның өркендеуі мен тұрақты дамуының негізі. Бұл — дені сау, білімді, табысты және әділетті қоғам құрудың жолы. Ол әйелдердің құқықтары ғана емес, сонымен қатар жынысына қарамастан қоғамның барлық мүшелеріне өз рөлін, мүмкіндіктерін және құрметті әділ бөлуді қарастырады. Бұл - тұрақты даму мен әлеуметтік үйлесімділіктің негізі. Тарихи деректер қазақ әйелінің ошақ басы-қасында ғана емес, сонымен қатар дана тәлімгер, қоғамдық шешімдерге қатысушы және мәдени кодтарды жеткізуші рөлін де атқарғанын растайды. Сол себепті Қызбике, Нұрбике, Айбике, Алтын, Тоқбике, Мұрын аналар шежіреден лайықты орын алған. Бұл ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қазақта гендерлік әділеттіліктің барын көрсетеді. Бұл аналарЕліміздің әйел жартысының мінез-құлқы үшін идеал бола алады.
Қазақстанда шамамен 10,37 миллион әйел адам тұрады. Бұл ел халқының жалпы санының шамамен 51,1 пайызын құрайды", - дейді қоғамда танымал әрі тәжірибелі әйел, кең ойлы, беделді педагог және белгілі қоғам қайраткері "Kazbrands" қоғамдық қорының Президенті Жаңыл-Бике Касымқызы.
Ал Esil University-дің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Ерзат Жетібаев бүгінде Әділетті Қазақстанды құру жағдайында ұлттық азшылықтарды қоғамдық құндылық жүйелеріне интеграциялау өзекті міндет болып табылатынын айтады.
"Шежіре әртүрлі этностар арасындағы туыстық және рухани байланыстарды ашатын біріктіруші платформа бола алады және сол арқылы әлеуметтік бірлікке ықпал етеді. Сондықтан өзін қазақпын деп санайтын азшыл топ өкілдерін шежіреге қоссақ, бұдан ұтпасақ ұтылмаймыз", - дейді ол.
2021 жылғы халық санағының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 122 ұлттың өкілдері тұрады:
- ең көп бөлігін қазақтар құрайды – 70,4%.
- одан кейінгі орында орыстар – 15,5%,
- ал өзбектер үлесі – 3,2%.
Басқа да ірі этностардың үлесі төмендегідей:
- украиндар – 2%,
- ұйғырлар – 1,5%,
- немістер – 1,2%,
- татарлар – 1,1%,
- әзербайжандар – 0,8%,
- корейлер – 0,6%,
- түріктер – 0,5% және басқа ұлт өкілдері.
Осылайша, Шежірені мына тұрғыда қарастыру ұсынылады:
- мәдени сәйкестікті сақтау құралы ретінде,
- ұрпақаралық диалог механизмі ретінде,
- әйел мен отбасын құрметтеуге тәрбиелеу ресурсы ретінде,
- әртүрлі ұлт өкілдерін ортақ құндылықтар арқылы біріктірудің үлгісі ретінде.
"Қорыта айтқанда, IT технологиялар дәуірінде ақпарат қоғам мен адамның санасын басқарады ұлттық құндылықтарға жас буын ұрпақты тәрбиелеу, қоғамның азаматтық ұйымдарымен бірлесе іс-әрекет ету жолында, қазақ халқының тұтастығы мен бірлігін нығайту, жастардың жат діни ағымдарға еріп,жаман жолға түсіп кетпеуі, қазақ қоғамының негізгі іргелі құндылықтары дәріптелуіне қолдау беру және дамыту үшін, қоғамда ұлттық салт-дәстүрге қайшы келетін әрекеттердің алдын алуда қазақ халқына тән игі қасиеттер, ізеттілік, мейірімділік, әділеттілік, ынсаптылық, аясындағы мобильді тәрбие жасау керек", - дейді Ерзат Жетібаев.
"Тамыр" әлеуметтік жобасы "Kazbrands" қоғамдық қорының қолдауымен, сондай-ақ цифрлық технологияларды меңгерген тәлімгерлердің, еріктілердің, жас әзірлеушілер мен дизайнерлердің белсенді қатысуымен құрылғаны да нақтыланады.