Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында жаңғыртылған ауылдық кітапхана базасында Jaña klub қоғамдық орталығының салтанатты ашылуы өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрағасы Ляззат Шыңғысбаева, осы жобаның идея авторы әрі «TANA» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Лұқпанова және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы бұл кітапхананың аудан бойынша модернизациядан өткен екінші нысан екенін атап өтті. Ол өткен жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан кітапханаларды жаңғырту жобасының маңыздылығына тоқталып, жоба аясында облыс бойынша 25 кітапхана іріктеліп, толықтай жаңартылғанын айтты. Бұл бастамаға «Қазақстан халқына» және «TANA» қоғамдық қорлары үлкен қолдау білдірді.
Жаңартылған кітапханада кең әрі жарық оқу залы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлмелер, медиа және руханият алаңдары, презентация залы, көрме және би залдары жасақталған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де барлық жағдайлар қарастырылған. Балаларға арналған KidLib бұрышында 3D кітаптар, ойыншықтар мен дамытушы ойындар қойылған.
Тайпақ ауылдық кітапханасының жаңа форматта қайта ашылуы – ауылдағы мәдени өмірді жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Болашақта бұл кітапхана тек ақпарат орталығы ғана емес, түрлі жастағы оқырмандар үшін тартымды әрі қолжетімді зияткерлік және мәдени кеңістікке айналмақ.