Қазақстан азаматтығына қабылдау үшін мемлекеттік тілді, Конституция негіздерін және Қазақстан тарихын білуге қойылатын талаптар өзгереді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Республика азаматтығы туралы заңның 17-бабының 14-тармақшасына сәйкес, Қазақстан азаматтығына қабылдаудан немесе азаматтықты қалпына келтіруден бас тартуға негіз бар: егер азаматтық алуға ниетті тұлға мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын уәкілетті орган белгілеген көлемде білмесе, оның өтініші қабылданбайды.
Осы талаптарға қатысты өзгеріс министр бұйрығына енгізіліп отыр. Онда былай делінген:
"Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде білуге – кемінде 15 балл, Конституция негіздері бойынша – кемінде 20 балл, ал Қазақстан тарихы бойынша – кемінде 15 балл жинау қажеттігін бекіту", - делінген құжатта.
Жоба авторларының айтуынша, бұл өзгеріс азаматтық алуға ниетті үміткерлер үшін әр пән бойынша сұрақтардың саны мен күрделілік деңгейін теңестіруге, сондай-ақ өту шегін 10%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Құжатта көрсетілгендей, жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де кері әсерлерге әкелмейді және ұлттық қауіпсіздікке де зиян тигізбейді.