Алматы қалалық ТЖД басшысының қызметінен неге кеткені белгілі болды

Кәмшат Тілеухан 11 июл. 2025 10:49

2025 жылғы 10 шілдеде әлеуметтік желіде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) басшысы Нұрлан Атығаевтың өз қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады. Құзырлы министрліктің (ТЖМ) баспасөз қызметі бұл ақпаратты бүгін растады. Желідегілер Атығаевтың қызметінен кетуін әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдары қиылысында жақында болған өртпен байланыстыруда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Алматыда жол үстінде отқа оранған "Газель" көлігінің видеосы тараған болатын. Видеода өрт сөндірушілер арнайы құрылғыдан көбік атқысы келгенімен онысынан түк шықпайды, сондықтан олар суға көшеді. Желідегілер бұл әрекетке наразы болып, сынды қарша боратады.  Кейін ТЖД бұл жайтқа қатысты түсініктеме беруге мәжбүр болады.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі аталған екі оқиғаның бір-біріне түк қатысы жоғын айтады:

"Атығаев қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымындағы кадрлық өзгерістерге байланысты қызметінен кетті. Бұл оқиғалар  мессенджерлер мен әлеуметтік желіде тараған ақпаратпен байланысты емес. Тек ресми дерек көздерді басшылыққа алуды сұраймыз".

Атығаев 2023 жылдың қазан айында Алматы қалалық ТЖД бастығы болып тағайындалды. Ал оған дейін Ақмола облысы ТЖД басшылығында болып, сондай-ақ СҚО-дағы ТЖД-да да жұмыс істеген.


Рекомендовать
Последние новости