Қазаққа помещиктің керегі жоқ

Dalanews 23 апр. 2016 02:34 911

Қазақ жерін шетелдіктерге сату туралы биліктің бастамасына жер-жерде қарсылықтар күшейіп келеді. Президентке, Үкіметке, Парламентке бірнеше мәрте ашық хат жолданды. Ұлт зиялыларының бір тобы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «ескерту» де жасады.

Қазір жер сатуға қарсы митинг өткізу мәселесі де көптеген аймақта сөз болып жүр. Атырау облысының белсенділері 24 сәуір күні шеруге шығуға рұқсат сұрап, әкімшіліктен Исатай-Махамбет алаңын беруді өтінген болатын. Әкімшілік оларға мұндай мүмкіндік бермейтінін ескертті. Бірақ халық қайтар емес, олардың рұқсатынсыз да алаңға шығып, бейбіт шеру өткіземіз деп отыр.

Алматыда мамыр айының ішінде кең ауқымды шеру өткізу жоспарланып жатқанын әлеуметтік желілерден көзіміз шалды. Астана белсенділері де бірнеше мәрте шағын пикеттер ұйымдастырып, үндеу хат жолдап үлгерді. Шымкент, Ақтау, Орал жұрты да сайттар мен әлеуметтік желілерде белсенді үн қатып, билікті райынан қайтаруға тырысып жүр.

Осыдан 12-13 жыл бұрын, дәлірек айтсақ 2003 жылы Үкімет «Жер кодексі» туралы Заң қабылдар кезде ұзақ уақыт бойы қарсылыққа тап болған еді. Тасмағамбетов үкіметі әзірлеп, халық пен сол кездегі Парламент депутаттарының біраз бөлігі қарсы тұрып, баспасөзде айлар бойы талқыланған Заң жобасы қабылданып кетті. Ол Заңда жердің шетелдіктерге сатылатыны жөнінде айтылмағанымен, жерді сату туралы басатаманың өзі жұртшылықтың ашуын туғызған. Енді шетелдіктерге сатылады дегенді естіген жұрт қайта қарсылық танытып отыр.

Саяси сарапшылар «Үш тұғырлы тіл» мен «шетелдіктерге жер сату» мәселесі ел арасында ірі дүмпу туғызуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұның ақыры қантөгістерге ұласуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес. Билік қандай шешім шығарады?

Егер жер сатылса, шынымен де халық толқып, ірі көтеріліске ұласуы мүмкін бе? Осы сұрақтар төңірегінде ой-талқы өткізген едік.

 

[caption id="attachment_15172" align="alignright" width="240"]azimbai1 Әзімбай Ғали[/caption]

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Бізге феодализмнің қажеті жоқ

– Көптеген елдердегі көтеріліс айрықша жобалардан бұрын, қарапайым қателіктерден басталады. Сирия халқы Асад режиміне қарсы азаматтық соғысты неден бастады? Бір топ бала көрінген жерге Асадты келемеждеп, оны сайқымазаққа айналдырған суреттері мен үндеулерін ілген. Ұрандар жазған. Билік өкілдері оларды ұстап, тексере келе өлім жазасына кескен. Міне, мұны көрген халық ашуға мініп, азаматтық соғыс бастады. Бүгін Сирия хаосқа толы елге айналды. Мұндай мысалдарды тарихтан көптеп келтіруге болады.

Жерді шетелдіктерге сату туралы ел арасында қызу пікірталас жүріп жатыр. Оған мектептерде үштілділік жүйесі енгізіледі дегенді қосыңыз. Халық мұны қаламай отыр. Бұдан бөлек көпшілікті экономикалық дағдарыс бүріп барады. Осыншама байлығымыз бола тұра, біз неге кедейміз? Халық бұл сұрақты қоюдан жалықпайды. Жұмыссыздықтың статистикалық мәліметтермен еш қабыспайтынын да көпшілік біледі. Жемқорлықтың, бюрократизмнің себеп-салдары да қоғамның дамуына кедергі келтіріп отыр.

Ал жерді сату мәселесіне келсек, Мамытбеков аграрлық жерлердің шетелдіктерге берілмейтінін айтты. Мұның өзі көңілге медеу.

Асылы, жерді жекеменшікке өткізген дұрыс. Бірақ байлар жер иелері – помещиктерге айналса, онда біздің дамуымыз неғайбыл. Олар сол жерді өзге жері жоқтарға жалға берумен емес, алған жерлерін гүлдендіріп, кәдеге жаратып, халықты жұмыспен қамтыса, сонда ғана оң нәтиже береді. Ал жерді өзгелерге жалға беріп, яки жері жоқтарға егін еккізіп, одан пайыз алып, сол арқылы жақсы тұрмыс кешіргісі келсе, біздің қоғам феодализмге қайта оралады. Қазірдің өзінде кейбір жағдайларда сондай көрініс байқалып жүр. Билік жерді сатумен ғана емес, оны тиімді пайдаланумен де айналысуы керек.

Кен орындарын, туристік мекендерді жалға беру яки сату мәселесін дұрыс ойластырмай болмайды. Шетелдіктерден инвестиция тарту үшін барын салып отырған биліктің кейбір әрекеттеріне қарап отырып, көңілге сенімсіздік ұялайды. Жерге инвестиция құйған дұрыс, жердің тусырап жатқаны пайдасыз. Дегенмен, жекешелендіру кезіндегідей тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіруге болмайды. Егер солай еткен жағдайда түрлі шерулер өтері заңды. Оның соңы көтеріліске ұласпайды деп кесіп айта алмаймыз.

[caption id="attachment_15173" align="alignright" width="259"]e4c721eb987bd4c11eacb87f64da2e9e Әміржан Қосанов[/caption]

Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:

Өртті бір ұшқын тұтатады

Бәрі де мүмкін!

Соның ішінде – жер сатылуына қарсы наразылықтың бой көрсетуі де әбден мүмкін!

Қазір ел аш әрі ашынған! Бәлкім, экономика, саясат және басқа да ғаламдық нәрселерді әрбір адам өзіне (не өзінің) қатысы жоқ жайт қарастырып жатыр. Бірақ «жер» дегенде әрбір қазақ бейқам отыра алмайды деп ойлаймын. Сондықтан осы тақырып кезінде Ленин мырза айтқандай, өртті тұтатар бір ұшқын болуы бек мүмкін.

Әрине, бізде жұрт – шүкіршіл әрі тәубашыл. Қара су ішіп, қара нан жесек те, соғыс болмасын деп отыра береді. Тіпті Жаңаөзенде қандастарын қырып тастағанда да, Алматының орталығына үш-төрт мың адам ғана шыққан. Билік осыншама жыл бойына заң арқылы митингтерге шығу құқын құрсап тастады. Көшеге рұқсатсыз шыққандарды аяусыз қамап, басқаға «үлгі» болатындай жазалап тастады. Ел ішінде белгілі бір үрей бар екені де рас. Оның үстіне елге ұран тастап, наразылық әлеуетті бір арнаға тоғыстыра алатын мықты әрі беделді саяси күш жоқ.

Бірақ бір нәрсе айқын: қоғамдағы пікіралуандығы күштеп жойылса да, ел шынымен ызаланса, заңға да, паңға да қарамайды!

Рекомендовать
Последние новости