«Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы қызметкері, химиялық зертханалар басқармасының экс-басшысы БАҚ-та мәлімдеме жасаған соң, компания өкілі оны жауапқа тартуды талап еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Теміртау полициясынан хабарласып, «Қазақмыстың» арызы бар екенін, оның Астанаға жолданатынын айтты. Мәжіліс депутаты Перуашевтің мәлімдемесінен кейін «Қазақмыс» маған қарсы арыз беруге мәжбүр болды», – деді КазТАГ тілшісіне Бақыт Әділова.
«Қазақмыс» бұрынғы қызметкерін корпорация туралы ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрауда. Компания өкілі бұл ақпаратты «жалған» деп атаған.
КазТАГ тілшісі Қарағанды облысының полиция департаментінен Бақыт Әділоваға қатысты арыздың қабылданған-қабылданбағанын сұрады. Алайда департамент бұл сұраққа жауап берген жоқ.
Сондай-ақ КазТАГ «Қазақмыстың» баспасөз қызметінен бұрынғы қызметкеріне қатысты нақты қандай шағымдар бар екенін сұрады. Компания өкілдері бұл мәселе бойынша корпорация кеңсесіне ресми сұраныс жолдауды ұсынды. Тиісті сұраныс жіберілді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Қазақмыстың» қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдап, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың «сирек жер металдарына күмәнді көзқарасына» назар аударған болатын. Ол бұрынғы «Қазақмыс» қызметкерінің сөзіне сүйене отырып, кен мен мыс концентратын шетелге тасымалдау мәселесін көтерді. Алайда Бақыт Әділова «Қазақмыс» сирек жер металдарын шетелге шығарады деп ешқашан айтпағанын мәлімдеді.
Депутаттық сауалда Перуашев, сонымен қатар, Қазақстаннан шығарылатын кен мен концентраттарға сараптама жүргізу талаптарының бар-жоғын нақтылауды сұрады. Егер мұндай талаптар болмаса, онда жалған ақпарат таратып, компаниялар мен саланың беделіне нұқсан келтіргендерге қарсы сотқа шағым түсіру қажет екенін айтты.
Көп ұзамай «Қазақмыстың» бұрынғы қызметкері Бақыт Әділоваға қатысты полицияға арыз түскені белгілі болды. Депутат сауалында сілтеме жасаған тұлға енді құқық қорғау органдарының назарына ілікті.