«Қазақмыс» басшысына пышақ жұмсаған Тәжбенов қандай адам болған?

Dalanews 22 янв. 2020 15:26 897

«Қазақмыстың» басшысы Амангелді Мініғұлов пен «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов арасындағы шиеленіс екеуінің бір-бірін жақтыртпаған қатынастарынан туындауы мүмкін. Бұл туралы салалық кәсіподақтың төрағасы Мұрат Машкенов айтты.

Машкенов бір күн бұрын пышаққа түскен Мініғұловты танымайтынын баса атап өтті. Бірақ өз-өзіне қол жұмсаған Тәжбеновпен бірге ол жұмыс барысымен жақсы таныс екен.

– Ол сабырлы адам болатын, дегенмен әділетсіздікке келгенде ешнәрсеге төзбейтін, бірден көтеріліп шығатын, меніңше, біздегі әр екінші адам «осындай» шығар, – деді Машкенов.

Шын мәнінде, салалық кәсіподақ құрамына кіретін ұжымдарда ішкі жанжал, наразылыққа келетін болсақ, ол бөлек әңгіме.

– Ондай бізде үнемі болып тұрады. Ұйым үлкен, республикалық мәртебеге ие, шамамен 60 мың адам жұмыс істейді. Әр ұжымда жалақыға, еңбек жағдайлары бойынша түрлі шағым мен талаптар болады ғой. Ол осы мәселелердің бәрімен бетпе-бет келіп жүрген адам. Шамасы, осындай кезде қандай да бір шиеленіс ушыққан болуы мүмкін. Тәжбенов ұжымдық органдардың келісімінсіз өз бетінше көбіне шешім қабылдай бастады соңғы кездері. Егер ұжымдық органдар деңгейінде осы мәселелер қаралса, жұмыс берушімен үстел басында мәселені шешуге болар еді, онда бұл жанжал болмас па еді. (...) Қандай да бір қақтығыс болды ғой, бір-бірін жақтырмай қалды ма немесе басқа нәрсе болды ма екен. Үстел басына отырып, келіссөз жүргізудің орнына, міне осындай ыңғайсыз жағдай орын алды, соңы төбелеске, қол жұмсауға ұласқан, – деді ол.


Салалық кәсіподақ қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Жезқазғанға аттанып кетті. Айта кетсек, марқұм Тоғызбай Тәжбеновтің денесін 24 қаңтарда жер қойнына тапсырады.

21 қаңтарда «Кәсіпқорған» кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов қызметтік кеңседе өзара сөзге келген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Амангелді Мініғұловты төбелес кезінде пышақпен жарақаттады.

Сондай-ақ, екеуіне ара түспек болған корпорацияның қызметкері Сабыржан Тембаев та кеуде тұсынан пышақ жарақатын алды. Осы жайттардан соң кәсіподақ қызметкері өз-өзіне қол жұмсады.

Дәрігерлер «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Мініғұлов пен оның қол астындағы басқармалардың бірінің жетекшісі Сабыржан Тембаевқа ота жасалғанын хабарлаған. Бас директордың жағдайы ауыр, ол әлі есін жимаған, жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал қасындағы Тембаев хирургия бөліміне жатқызылған.

 

 

Рекомендовать
Последние новости