Қазақыланған Қазақмыс: Нұрахмет Нұриев – кәсіпорын тарихындағы алғашқы қазақ басшы

Dalanews 22 дек. 2022 12:07 1099

2 желтоқсанда “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС басқарма төрағасы қызметіне 33 жастағы Нұрахмет Нұриевтің тағайындалғаны белгілі болды. Бұған дейін компанияны 2006 жылдан бері ұзақ жылдар бойы Эдуард Огай басқарып келген.

Огайдың өзі жаңа басшыны таныстыру кезінде Нұриевтің жас маман болса да тәжірибесі жеткілікті екенін айтып, жақсы нәтиже көрсететініне сенім білдірген.

Еңбек ұжымы алдында өзінің ізбасарын таныстыра отырып, Эдуард Огай мұндай шешім Қазақмыс компаниясының жүрегі болып отырған жаңа Ұлытау облысының құрылуына байланысты туындағанын атап өткен.

“Нұрахмет Қанатұлы Жезқазғанда жұмыс істейтін болады және орталық кеңсе осында орналасады. Біз Жезқазған қаласында боламыз және компанияның шешім қабылдау орталығы да осында болады. Нұрахмет Қанатұлы жас маман болса да, тәжірибесі жеткілікті және ол бізден де жақсы нәтиже көрсетеді”, –деген Эдуард Огай.

Нұрахмет Нұриев өз кезегінде қызметкерлер мен өндірістік ұжым алдында көрсеткен жоғары сенімі үшін басшылыққа алғысын білдіріп, компанияның құндылықтары мен мақсаттарына адалдығын, сондай-ақ облысты дамыту және елдің жоғары басшылығымен Жаңа, Әділ Қазақстан құру жөніндегі ортақ ұстанымын білдірген.


Қазақмыс – тау-кен өнеркәсібі мен түсті металлургиямен айналысатын кәсіпорын. Корпорацияның негізгі пакеті қазақстандық миллиардер Владимир Кимге тиесілі. Ал өткен 16 жылда оны Эдуард Огай басқарып келді.

Ал Нұрахмет Қанатұлы секілді шетелде алған білімі мен озық тәжірибесі бар жас маманның лауазымды орынға тағайындалуына үлкен үміт артатындар көп. 1989 жылы туған Нұрахмет Нұриев Ұлыбританияда Angila Ruskin University-де іскерлік әкімшілендіру магистр дәрежесін алған.

“Мен жастарға сенемін!”


Сонымен қатар осы 30 жылдың ішінде қазақ басшының келуі компанияның тарихында алғаш рет болып отырғанына назар аудара кеткеніміз жөн.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі инаугурация рәсімінде озық ойлы жастарды мақтан тұтатынын айтып, болашағынан үміт күттіретін мамандарды қолдауға шақырған.

“Біз басқалардың жасағанын пайдаланумен ғана шектелмей, әлемге өзіміздің жаңалықтарымыз бен жетістіктерімізді көрсетуіміз қажет. Ал бұл үшін халқымыздың әлеуеті де, таланты да тіпті өнері де жетерлік. Мен біздің қабілетті де озық ойлы жастарымызды мақтан етемін. Сол себепті ақын Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін!” деген өлең жолдарын қайталауға әзірмін. Жастарды бәріміз қолдауымыз керек. Себебі еліміздің жарқын болашағына жол ашатын – осы жастар”, – деген еді Тоқаев.

Жауапкершілігі үлкен орынға тағайындалған Нұрахмет Нұриевтің еңбек тәжірибесі де мол. 2011-2013 жылдар аралығында Hamble Group компаниясында қаржылық талдаушы болып жұмыс істеген.


2013-2015 жылдары Павлодар және Атырау қалаларында мұнай өңдеу зауыттарының құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді.

Ал 2015-2019 жылдары "Майкубен Вест" ЖШС және "Шұбаркөл Премиум" АҚ көмір өндіруші кәсіпорындарында қаржы директоры, Бас директордың корпоративтік даму жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылдан 2020 жылға дейін "Интергаз Орталық Азия" АҚ Тараз УМГ филиалы директорының орынбасары, "ҚазТрансГаз" АҚ тарифтер және инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары болған.

Ал корпорациядағы еңбек жолын 2020 жылы жобалау тобының басшысы қызметінен бастады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС аутсорсинг жөніндегі директоры қызметін атқарып келді.

2021 жылдың маусым айында Нұрахмет Нұриев "Қазақмыс Смэлтинг" ЖШС Бас директоры болып тағайындалды.

Рекомендовать
Последние новости