Қазақ той жасау үшін ғана несие алмайды

Dalanews 14 окт. 2019 07:30 723

Енді қарапайым халықтың тұтынушылық несие алуы мұңға айналайын деп тұр. Күні кеше ғана Үкіметте есеп берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев халықтың қарыздық жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін біраз шараларды қабылдағандарын алға тартты.

Ол қандай шара дерсіз? Алдағы уақыттан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға банктер тұтынушылық несие бермеуі мүмкін. Осылайша Досаев халықтың қаржы ұйымдары алдындағы қарыздық жүктемесіне тосқауыл қоюды жөн деп тауыпты.

Ұлттық банк басшысы ойын былайша жеткізді:

– Жыл соңына дейін қарызының кешіктірілуі 90 күннен асқан тұтынушылық несиелерге айыппұлдар, комиссиялар және басқа төлемдер қосуға тыйым салу, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салу және табысы төмен азаматтарға кепілдіксіз тұтынушылық несиелер бермеуге бағытталған шаралар қабылданады, – деді ол.

Бұл – халықтың борыштық жүктемесінің бақылаусыз өсуіне байланысты туындайтын жүйелі тәуекелдерді шектеу мақсатында қабылданатын шара екен.

Сонымен бірге, Досаев 2019 жылдың сәуір-тамыз аралығында банк секторының несие портфелі 6%-ға өскенін айтты.

Бүгінде жұрт несиені еріккеннен алмайды. Көпшілік ортада «қазақтар несиені той жасау үшін алады» деген әңгіме жиі айталады.

Иә, о баста той жасау үшін біраз адам несие алған шығар. Осыдан кейін қазақ қоғамында «қазақтар той жасау үшін несие алады» деген ярлык пайда болды.


Біздіңше, бұл дұрыс емес. Қарапайым халық тұтынушылық несиені ғана ала алады. Ал бизнес ашу үшін несие алатын мүмкіндігі жоқ.

Несие ол экономиканың қозғаушы күші. Бізде осыған дейін тұтынушылық несие экономиканың қозғаушы күші болғаны жасырын емес.

Кәсіпкерлікпен айналысуға несие алғың келсе, қыруар құжат жинауға тиіссің. Сонымен қатар қандайда бір жылжымайтын мүлкіңді кепілге қоюға тура келеді. Қаладағы жұрт баспанасын кепілге қойып, несие алар. Ал ауылдағы жұрттың баспанасына банк не қылсын?

Мемлекеттің жеңілдетілген несиесін оператор болған микроқаржы ұйымдары шаруашылықпен айналысуға ден қойған азаматтардан үйін саман кірпіштен емес, күйдірілген қызыл кірпіштен салынуы керек деп талап қояды. Егер үйіңіз күйдірілген қызыл кірпіштен салынбаса, несие алып бизнес бастаймын деп дәмеленбай-ақ қойыңыз.

Енді Досаев қара халықтың несие алуына мүлдем тосқауыл қойса, жағдай қиындай түсетіні анық.

 

Рекомендовать
Последние новости