Қазақ тілін ғылым мен техникаға бейімдеуіміз керек - Асқар Жұмаділдаев

Dalanews 01 дек. 2023 11:37 1841

Белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтің идеясымен, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы және Qalan жобасының қолдауымен жарыққа шыққан «Әл-Жәбрдің атасы» ғылыми-танымдық журналы елорда қауымдастығына таныстырылды.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен тұсаукесерге Президенттің баспасөз-хатшысы және кеңесшісі Берік Уәли, ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҚР Парламент депутаты Асхат Аймағамбетов, ,ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Бекет Қабиденұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, әліппе оқу-бағдарламасының авторы Бижан Игенбаева, сондай-ақ, белгілі журналистер мен қоғам белсенділері қатысты.


«Әл-Жәбрдің атасы» атану себебі...


«Журналдың «Әл-Жәбрдің атасы» атану себебі, алгебраның атасы Мұхаммед әл-Хорезми деген кісінің «Әл Жәбр»деген еңбегі болған. Әл Хорезми - Арал теңізінің бойында туған, әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан ойшыл,  Иран мен Тұран ғана емес бүкіл әлемге ортақ тұлға. Алгоритм ұғымына – қолыңыздағы смартфон, компьютер, ақпараттық технология мен Big Data ұғымына дейін негізделген. Орта Азиядан шығып, әлемдік өркениеттің басында тұрған ғалымның атын алу біз үшін үлкен мәртебе. Ал оның қай ұлттан, қай діннен екені аса маңызды емес.

Журналдың мақсаты – жастарға білімді насихаттау, математикаға қызықтыру. Біз қазақ тілін ғылымға, техникаға бейімдеуіміз керек. Бұл журналда пайдалы мағлұматтар көп болады.


Жаңа айттық, «Тай жарыс»  деген олимпиаданың 5-8 сыныптарға арналған түрі, «құнан жарыс» деген 10-12 класқа арналған түрі, «дөнен жарыс» деген ұстаздарға арналған олимпиаданың түрі. Осылардың бәрін  жүзеге асырамыз.  «Тай жарыстың» олимпиадасы өзі 5-ақ есеп. Аз ғана, қиын емес. Бірақ, балаларды қызықтыратын есептер. Жас кезімізде біз оқитын «Қазақстан пионері», «Балдырған» мен «Білім және еңбек» деген үш-төрт қана газет-журнал болатын.  Сол газет-журналдардағы есептерді шығаратын едік. Қарап отырсам, қазір елімізде 10 мыңнан аса газет-журнал шығады екен. Бірақ соның арасында ғылымға арналған, оның ішінде балалар аудиториясына бағытталған бірде бір журнал да, газет те жоқ» – деді журналдың бас редакторы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев ғылыми-танымдық балаларға арналған журнал шығару идеясын он жыл бойы айтып, бірталай пәрмені бар шенеуніктерге ұсынғанын жасырмады. Тек Qalan  жобасы ғана ғалымның идеясын ә дегеннен қолдап, журналдың жарыққа шығуына мұрындық болыпты.



«2018 жылы Qalan  жобасын жүзеге асырар алдында ағамыздың алдына барып ақ батасын алған едік. Бес жыл ішінде ТМД нарығына шығып, бірталай жетістікке жеттік.  Ағаның келесі тапсырмасы осы журнал болды.   Бүгін де ол тапсырманың бастамасын көріп отырсыздар. Журналды ары қарай жүйелі шығарып тұру бізге берілген аманат пен жауапкершілік. Журналды ары қарай жүйелі шығарып тұру бізге берілген аманат пен жауапкершілік. Бұл бизнес пен Ғылым академиясы бірлесіп жүзеге асырып отырған жоба. Болашақта бизнес пен ғылым осылай өзара интеграцияланып, технократ жастарымыздың көбеюіне ықпал етеді деп сенемін»,-деді Qalan  жобасының өкілдері.

«Ағартушылық функциясы бар журнал»


Сондай-ақ, танымдық журналдар оқушылардың ғылым әлеміне деген құштарлығын оятатыны сөзсіз деген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовте салтанатты жиынға арнайы келіп, өзінің ақ жарма тілегін білдірді.



«Ең алдымен осындай бірегей ғылыми-танымдық журналдың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын. Осы бастамаға Ұлттық ғылым академиясының мұрындық болып отырғанына қатты қуанып отырмын. Осы журналдың шығуының үлкен ағартушылық функциясы бар. Балалар ғылымға бірден өз бетінше келе салмайды, оларды біз қызықтырып, балалардың ғылымға деген ерекше сезімдерін оятуымыз керек. Балалар осындай жеңіл тілмен жазылған, визуалы әдемі журналдарды жақсы көреді. «Юный техниктің» жазылушылары бір миллион, «Юный натуралист» тиражы 3,5 миллион болды. «Әл-Жәбрдің атасы да» осындай журналдардың бірі болады деп мен сенемін»,-деді Асхат Аймағамбетов.

Алғашқы тиражы 2500 дана болып шығарылған «Әл-Жәбірдің атасы»  басылымына деген сұраныс күн санап көбейіп отыр.  Журналды шығаруға ғылым өкілдері, журналистер мен редакторлар атсалысты.  Жобаға жазушы Садық Шерімбек жетекшілік етсе, шеф-редакторы Оралай Алейдарова, ғылыми редакторы - дінтанушы Асылтай Тасболат. Сонымен қатар, Жәния Әбдібек сынды журналистердің материалдары басылды.



Айта кетейік, журналдың жарыққа шығуына Qalan Халықаралық білім платформасы қаржылай қолдау көрсеткен.  Бұл платформа – математиканы IT технологиясы және педагогиканың көмегімен оқытатын қазақстандық онлайн-тренажер, математиканы қашықтан оқыту бойынша нарық көшбасшысына айналған жоба.

Платформада 340 мыңнан астам қолданушы бар, оның 12,7 мыңға жуығы персоналды оқыту әдісімен білім алып жатыр. Атауы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген өлең жолдарынан алынған.


Математика арқылы әр балада мықты білім іргетасын қалауға ықпал ету деген миссиямен жұмыс істейді. 2022 жылы платформадағы есептерді орыс тіліне аударылып, ТМД аясында сатыла бастады. Биыл Ресей Федерациясында (Татарстан, Башқұртстан), Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде ашылды. Qalan.kz Орталық Азиядағы ірі халықаралық технопарк «Astana Hub» резиденті.

Рекомендовать
Последние новости