«Қазақ Робин Гуды» атанған алаяқ 26 іс бойынша жауап бермек

Көркем Алдабергенова 22 авг. 2025 15:47

Алматыда "Елге көмек" қайырымдылық қорының жетекшісі, өзін әлеуметтік желілерде "Қазақ Робин Гуды" деп атаған блогер Ілияс Сәриев пен оның сыбайласы Ақтоты Дүйсеева аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген айыппен сотқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Қазақпаратқа" сілтеме жасап.

Блогердің ұсталғаны сәуір айында белгілі болды. Қылмыстық істе 26 эпизод бар. Айыптау актісіне сәйкес, тұрақты жұмысы жоқ Сәриев алаяқтық жасауға ойластырып, әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мұқтаж жандарға көмек үшін ақша жинай алатыны туралы жалған ақпарат таратқан.

Бір эпизодта жәбірленуші шетелде туысын емдету үшін 35 млн теңге іздеп жүргенде, блогерден қаржы жинауды ұйымдастыруды сұраған. Ол бұл қызметі үшін 1,5 млн теңге талап етіп, оның үштен бір бөлігін алған.

Сондай-ақ іс материалдарында Дүйсеева екеуі әлеуметтік желі арқылы мұсылмандарға Меккеге қажылық сапарын адам басына 500-600 мың теңгеге элиталық нөмірлерде орналастырумен бірге ұсынғаны көрсетілген. Бір жәбірленуші бұл ұсынысқа сеніп, 1 млн теңгеден астам қаржысынан айырылған.

Бұған дейін Астанада үш «қайырымдылық қоры» жасөспірімдерді пайдаланып, 340 млн теңге жинап алғаны хабарланған еді.


Рекомендовать
Последние новости