ҚАЗАҚ НЕГЕ КҮЗЕТШІ?

Dalanews 23 окт. 2014 04:14 948

Біраз уақыт бойы осы сауалға жауап іздеумен жүрміз. Жон арқасында «охрана» деген жазуы бар кәсіп иелері кілең қазақ.

Неге? Неліктен екен? Құдай күзетшілік қылуды қазақтың маңдайына жазбаған шығар? Егер біздің ел тек бір ұлт – қазақтан ғана құралған болса, ендеше бұл сауалға жауап іздеп, бас қатырмас та едік. Алайда Қазақстан көпұлтты мемлекет. Ондаған ұлт пен ұлыс үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқан құтты мекен. Солай бола тұра өзге ұлт өкілдерінің арасында күзетшілікті кәсіп еткендер (бәлкім, санайтындар) сирек.

Мәселен, еліміздегі орыс ұлты қазақстандық қызмет көрсету саласын толықтай монополиялап алғанын барлығымыз білеміз. Атап айтсақ, алдыңғы кезекте аударма ісі, сақтандыру саласы, жарнамалық ұйымдастырушылық жұмыс, интернет бизнес, түрлі пиар және туристік агенттіктер, өз саламызға қатысты айтқанда бірқаншама баспасөз клубтарына дейін осы орыстілділердің иелігінде. Мұны игеруге қазақтың қарым-қабілеті жетпейді емес, жетеді. Бірақ мұнда тұрақтап тұрғанына жетпіс-сексен жылға тақап қалған (аты әлемге мәшһүр философ Френсис Фукуяманың тілімен айтсақ, ата-баба, әке-шешеден қалған үй, көлік, жиһаз және басқа да байлықтың арқасында қор жинаған) орыс ұлты ілгеріде біз сөз еткен салаларға қазақтың тұмсығын тықтырмасы анық.

Былайша айтқанда, бұлар «жылы жерде» отыр. Және жағдай өзгермесе, әлі біразға дейін отырады. Ал бұлардың күндізгі және түнгі тыныштығын қамтамасыз етіп, күзететін кім?.. Оның жауабын өзіңіз де білесіз.

Иә, бұл мәселені біржақты қарастырғаннан тағы ұтпаймыз. Сайып келгенде жұмыстың жоқтығынан ауылдан қашып, қалаға көшіп келген қазақтың кәсіп таңдайтын жағдайы жоқтығы бесенеден белгілі ғой. Солай бола тұра күзетшіліктің болашағы жоқ, адамның арманын өлтіріп, талабын тұншықтыратыны, беделсіз, пайдасыз, тұрақсыз кәсіп екенін түсінетін кез жеткен сияқты. Керек десеңіз, бұл кәсіп те емес. Еліміздегі өзге ұлт өкілдері мұны әуелден-ақ ұғынғандай. Бәлкім, содан да болар, күзетші формасын кигендердің дерлігі қазақ. Бұл қалай болғанда да қауіпті үрдіс. Қауіпті құбылыстың кері әсері болмай тұрмайды. Ал өмір жолын, қазіргі тілмен айтқанда, карьерасын күзетші боп бастаған адам келешекте кім болуы мүмкін? Бұған әлі де жауап іздейтін боламыз.

Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости