Қазақ жастары: «таксист», флешмоб және қауіпсіз секс

Dalanews 26 сент. 2015 03:10 2520

Қазір асыл арманның жетегінде қалаға қадам басқан ауыл баласының тағдырын ойлап жатқан ешкім жоқ. Әдетте ауыл балалары қалаға екі мақсатпен келеді. Біріншілері, оқу оқуды мақсат тұтса, екінші тобы екі қолға бір жұмыс тауып, тіршілік етуді көздейді. Оқу үшін келген жастарға ата-аналар қолғабыс жасайтыны белгілі. Ал оқуға түсуге мүмкіндігі болмай, жұмыс істеуге келген жас жеткіншектер тек қана өз күшіне сенеді. Осылайша қызу тіршілік араласып кетеді.

Қоғам назарынан тыс қалған мұндай жастардың тағдыры бәрімізді алаңдатуы керек. Олар қандайда бір мамандығы болмаған соң, әр жерде тиіп қашып, жұмыс істеп, күнін көріп жүргені жасырын емес. Әдетте мұндай жастар жалдамалы құрылысшы, күзетші, сауда орталықтарында сатушы болып жұмыс істейді. Екі қолға бір жұмыс таба алмағандары ішімдікке салынып өмірден баз кешіп кететіні де жасырын емес.

Енді бір тобы тынымсыз еңбек етіп, тірнектеп жинаған ақшасына қала сыртынан жер телімін сатып алып, үй болып кетуге барын салады. Қазір бел жазбай еңбек етіп, бір нәтиже шығарған (ауылдық өлшеммен алып қарағанда) жастар өте аз. Әрине, қалған жастарды еңбек етуден қашатын кер жалқаудың қатарына жатқызуға болмайды. Олардың көпшілігі біраз жұмыс істеп, қалтасында аздаған қаражат пайда болғаннан кейін әбден ескірген шетелдің көлігін сатып алып, қала ішінде таксишылық жасап, нан табуға әрекеттенеді.

Кең байтақ еліміздің әр түкпірінде орналасқан ауылдарды аралап, сұрау салсаңыз, әр ауылдан таксишылықты кәсіп еткен 30-40 жас жігіттің тізімін аласыз. Сондықтан қазір қалаларда ескі көлікпен жүйткіп жүрген ауыл жастарын кездестіретін болдық. Олардың бәрі бірдей мыс-мыс ақша ұстап, пайдаға белшеден батып жүр деп айтуға ауызың бармайды. Әбден тозығы жеткен көліктер бір күн жүрсе, он күн жөндеуде тұрады. Осылайша жас таксистер тапқан-таянғандарын көліктерін жөндетуге жұмсап, жас өмірлерін қор қылып жүргені жанымызға батады. Бұл тығырықтан шығудың амала бар ма? Жоқ, әле тепсе темір үзетін жастарымыз көк темірдің соңында жүре бере ме?

Соңғы уақыттары көлік саудасымен айналысатын ірі диллерлер сырт елдерден келетін көліктерге тосқауыл қойды. Бұдан ауыл жастарының темір тұлпарға деген әбестігі бұрынғыдан артпаса, кеміген жоқ. Қазір көшелерде сапасы сын көтермейтін орыстың машиналары өріп жүр.  Болашақ тағдырын көлікпен байланыстырған ауыл балалары жылдық өсімдік пайызы әлденеше есе көп несие алып, орыстың сапасыз көліктерін мінуде. Оларда басқа таңдау жоқ. Сүйегі мықты, ескіде болса сапалы жапон мен немістің көліктерін елге кіргізуге шенеунік ағалары баяғыда тосқауыл қойған. Сапасы нашар көліктер екі-үш жылда тозып, таксишылыққа жарамай қалатыны жасырын емес. Егер олар сапалы болса, министрлер мен әкімдер орыстың көлігін тақымдар еді ғой. Өз басым ресейде құрастырылған көліктерді мініп жүрген шенеуніктерді көргенім жоқ. Бәрінің астында көздің жауын алатын «Мерседес» пен «Тойота». Осылайша орыстың автокөлік өндірісін қолдап, ауыл жастарын отызға жетпей несие батпағына батырып жатырмыз.
Кең байтақ еліміздің әр түкпірінде орналасқан ауылдарды аралап, сұрау салсаңыз, әр ауылдан таксишылықты кәсіп еткен 30-40 жас жігіттің тізімін аласыз. Сондықтан қазір қалаларда ескі көлікпен жүйткіп жүрген ауыл жастарын кездестіретін болдық. Олардың бәрі бірдей мыс-мыс ақша ұстап, пайдаға белшеден батып жүр деп айтуға ауызың бармайды. Әбден тозығы жеткен көліктер бір күн жүрсе, он күн жөндеуде тұрады. Осылайша жас таксистер тапқан-таянғандарын көліктерін жөндетуге жұмсап, жас өмірлерін қор қылып жүргені жанымызға батады. Бұл тығырықтан шығудың амала бар ма? Жоқ, әле тепсе темір үзетін жастарымыз көк темірдің соңында жүре бере ме?

Бұла күші бойына сыймаған ауыл жастарының көк темірге әуестеніп, таксист болып, елімізді ұшпаққа шығармасы анық. Сонда не істеуіміз керек? Иә, қазір жастарға арналған арнайы саясат бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрамында Жастар ісімен айналысатын дүрдей комитеттің жұмыс істейтінін білеміз. Облыстық ішкі саясат басқармалары жыл сайын ақша бөліп, қоғам үшін түкке қажеті жоқ флешмобтар ұйымдастырып тұрады. Бұл біздің мемлекеттегі жастар саясатының сұлбасы.

АскарТаяуда ғана «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов еліміздегі жастардың мүддесін қорғайды деген «Жас Отанның» белсенділеріне жыртыңдап, жүздеген студентті сабағынан қалдырып, флешмоб ұйымдастыруды тоқтатыңдар деп ескерту жасады.  Бизнес құрылымда жұмыс істеп, облыс басқарып, нақты іспен айналысқан Асекеңнің «Жас Отанға» ескерту жасауы орынды. Дәл қазір қазақ жастарының алаңдарда секеңдеп би билейтін уақыты емес. Еліміздегі жастар ұйымдарының ауыл жастарын жұмыспен қамтып, нақты іспен айналысуы тиіс.
Асқар Мырзахметов еліміздегі жастардың мүддесін қорғайды деген «Жас Отанның» белсенділеріне жыртыңдап, жүздеген студентті сабағынан қалдырып, флешмоб ұйымдастыруды тоқтатыңдар деп ескерту жасады.  Бизнес құрылымда жұмыс істеп, облыс басқарып, нақты іспен айналысқан Асекеңнің «Жас Отанға» ескерту жасауы орынды. Дәл қазір қазақ жастарының алаңдарда секеңдеп би билейтін уақыты емес.

Өкінішке орай, қазір жастар ұйымы алаңдарда би билеп, түнгі клубтарда қауіпсіз жыныстық қатынасты насихаттап, мүшеқап таратып жүр. Болмаса, барша қазақ жастары нашақор болып кеткендей құқық қорғаушылармен бірлесіп, есірткі тұтынушылармен күресуде. Осы бір іс-шараларды жастар ұйымы бірінен-бірі айна қатесіз көшіріп алатыны белгілі. Жоғарыда тізбектеп шыққан іс-шаралар үлкен қалаларда өтсе, қабылдауға болады. Ал алақандай ауыл, аудандарда осындай іс-шаралар ұйымдастырып, жалау көтеріп жүрген жастарды көргенде не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Құдды қазақ жастары бәрі наша шегіп, азғындық жолға түсіп кеткендей әсерге қаласың. Бұдан не байқауға болады?

Басқаны қайдам, өз басым бұдан мемлекет жастардың мұң-мұқтажы үшін бөлінген қаржысын жастар саясатына жауапты басшылардың танысының атынан қоғамдық ұйым құрып, жасанды іс-шаралар ұйымдастырып, игеріп жүргенін байқайсың.

Тағы да айта кететін мәселе республикалық деңгейде жастар саясатын басқарып отырған «жас бастықтар» жастардың хал-ахуалын жетік білмеген соң, жастар мүддесіне арналған қаражат есірткіге қарсы күрес пен қауіпсіз секске жұмсалуы керек деп шешім шығара салатыны белгілі. Бұдан біз жастар саясатымен айналысушылардың жастар арасында қандай өзекті мәселелер бар екенін білмейтінін аңғарамыз.

Бүгінде елімізде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жүріп жатқанына 3-4 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында журналистер жергілікті атқамінерлер жастарға берілетін 90 мың теңгені пара ретінде алып, содан кейін қалған қаржыны алуға жол ашатынын талай рет жазды. Осы мәселе бойынша «Жас Отан» бастаған жүздеген жастар ұйымы бір рет тексеру жүргізіп, бір мәселені сотқа дейін жеткізгенін естіген де, көрген де жоқпыз. Сондықтан А.Мырзахметовтың «Жас Отанға» «жұмыс істеу тәсіліңді өзгерт!» деп шүйлігуі өте орынды деп есептейміз.

Н.ӘУБӘКІР.




Рекомендовать
Последние новости