ПСЕВДО-ТАТТИМБЕТ И НАСТОЯЩИЙ ТАТТИМБЕТ

Dalanews 01 окт. 2015 07:42 1641

Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығына орай белгілі әдебиетші, күйші, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов марқұмның сонай 80 жылдары жазылған шағын қолжазбасын Зира Наурызбаева ханымнан сұрап алып, жариялап отырмыз. Автор бұл шағын жазбасында Тәтімбет культінің шығу, қалыптасу негізіне барлау жасапты. Өзі де дәулескер күйші, Тәттімбет мұраларының негізін бүгінге жеткізуші Талас ағаның шағын дүниесінен түйер ой көп.

ПСЕВДО-ТАТТИМБЕТ И НАСТОЯЩИЙ ТАТТИМБЕТ[1]

Қазақтың рухани мәдениетінде мынадай бір жағдай болыпты. Жас өнерпаз (мейлі ақын, мейлі домбырашы) өзінің тырнақ алды туындысын өз атынан жариялауға бата алмайтын болған. Ондай ахуал Абайдың басында да болған. Ұлы ақын өзінің алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялағаны белгілі. Адам деген қызық қой. Күнделікті көріп жүрген, өзіңдей-ақ пендеден үлкен өнер шығады деп сенбейсің. Себебі... ол сенің жаныңда жүрген адам. Ал, ұлылардың бәрі өткен заманда немесе... шетелде ғана тумақ. Ал егер сол күнде көріп жүрген адамыңыз бір күйді ертеде өткен белгілі шеберлердің біреуінікі деп тартса сіз еріксіз иланасыз. Сын айта алмайсыз.

[caption id="attachment_11853" align="alignleft" width="174"]Таласбек Таласбек Әсемқұлов[/caption]

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, жазушы

Мінеки, жасанды Тәттімбет күйлері осылай туған. Енді осы жасандыТәттімбет күйлері мен шын Тәттімбет күйлерін қалай ажыратпақ керек. (Әрине, Тәттімбет Арқа күйшілерінің санасында өшпесіз қалдырды. Сол себепті эпигондары көп болды. Сахарада Тәттімбет культі қалыптасты).

Бұл арада біздің қолымыздағы жалғыз дерек, ажыратудың ең басты құралы – Тәттімбет күйлеріндегі сымбат (форма). Ол үшін Тәттімбеттің «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Қосбасар», «Молғара», «Балбырауын», «Бестөре» сияқты анық таңбалы күйлерін тыңдап санаға сіңіру керек.  Сонда ғана шын күйі мен жасанды күйдің парқына бара аласыз. Бір емес, жүздеген, керек десеңіз мыңдаған реет тыңдау керек. Осының нәтижесінде Тәттімбеттің өзіне ғана тән көркемдік заңдылықтарды құлағыңыз шала бастайды.

Ең алдымен, құрметті оқырман Тәттімбет күйлерінің үлкен динамикадан, экспрессиядан бір танбайтынын байқайсыз. Үсті-үстіне өскен қарқын, өрттей қаулаған қағыс! Ал жасанды Тәттімбет күйлерінде жекелеген сәтті айшықтардың арасы байланыспай жатады. Ойдан шығарылған паузалар, люфт-паузалар көп. Шын Тәттімбет қысқа тұжырады, сезім сұлулығын, қасірет пен қайғыны бір ғана ажарлы айшықпен, өте шапшаң сипаттап өтеді. Жасанды Тәттімбетте қазымырлық көп, тәптіштеу басым.

Шын Тәттімбет күйі – шамшыл, кінәмшіл күй (Еуропада бұл жанр «капричиоззо», яғни «капризная музыка» деп аталады). Бірақ, бұл еркелігі басым шамшылдық. Ал жасандыТәттімбетте дыбысы тамаша терілген, жалаң  форма. Шын Тәттімбет күйінде бір дыбыс түсіп қалса әуен басқа салаға қаңғырып кетуі мүмкін. Ал жасанды Тәттімбетте әуенді қалай иіп бұрсаңыз да күй мінезі өзгермейді. Шын Тәттімбет күйіндегі бір қарағанда тәтті болып көрінетін мажорлық әуен, шын мәнісінде қасірет пен қуаныштың арасында тұрған ала көңіл әуен. Ал жасанды Тәттімбеттегі тәттілік артына қараусыз кеткен, балы көп әуен. Шын Тәттімбет күйі – адамның бүкіл қанын қозғап, жүректің басына дерт болып байланатын қасіретті күй. Ал жасанды Тәттімбет күйі – қасірет туралы әңгіме ғана.

Шын Тәттімбет күйі адамды қамырықты ойға жетелеп, көне адамгер, ізгі инстинкттер дүниесіне ендіреді.  Күйдің аяғында рухани тазарып шығасыз. Жасанды Тәттімбет күйін тыңдағаннан кейін бірнеше күн анализ үстінде жүресіз.

Шын Тәттімбет күйі – бір сәтте шығарылмаған күй, баяғыда өткен қасіреттің анық-қанығына жетіп, ақ-қарасын ажыратқан, сезімге деген үлкен кешіріммен аяқталатын, дерттене, алқына отырып айтылған кемеңгер жанның сыры. Жасанды Тәттімбет күйі алғашқы әсерді, сол сәттегі эмоцияны жалаң баяндауға құрылады. Үлкен қорытынды болмайды.

Қорытып айтсақ, Тәттімбет атынан тартылған эпигондық күйлерТоқа, Қыздарбек, Әбді сияқты, кейін қазақ саз өнерінің көкжиегінде жұлдыздары жарқыраған күй тарландарының жастық шағындағы тәжірибелері. Тәттімбеттің күйімен дерттенген албырт ұрпақтың алғашқы тырнақалды туындысы.

[1]Таласбектің "ЖасандыТәттімбет және шын Тәттімбет" мақаласы, шамасы, 80-ші жылдарыжазылған. Қолжазбада мақаланың атауы орысша берілген.

Рекомендовать
Последние новости