“Қайрат” қақпашысы Шерхан Қалмырза УЕФА назарына ілінді

Көркем Алдабергенова 19 сент. 2025 16:21

Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) "Қайрат" қақпашысы Шерхан Қалмұрзаның сейвін Чемпиондар лигасының ойын күніндегі үздіктердің бірі деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

УЕФА баспасөз қызметі жазба жариялап, онда жанкүйерлерден қай сейвтің үздік болғанын таңдауды сұрады.

Үздік бестіктің қатарына алматылық команданың 18 жастағы қақпашысының ойыны енді. Ол тарихи "Спортингке" қарсы матчтың небәрі бесінші минутында команданы қауіпті соққыдан құтқарып қалды.

Айта кетейік, Қалмұрзадан бөлек тізімде "Галатасарай" қақпашысы Угурджан Чакир, "Наполи" сапындағы Ваня Милинкович-Савич, "Ньюкаслдың" қақпашысы Ник Поуп және "Спортингтің" ойыншысы Жуан Виржиния да бар. Соңғысы дәл осы кездесуде Дастан Сәтпаевтың соққысын қайтарып, португалдықтарды аман алып қалған еді.

Шерхан Қалмұрза – Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас қақпашылардың бірі

Еске сала кетейік, Шерхан – "Қайраттың" ресми түрде үшінші қақпашысы. Ол Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков жарақат алғаннан кейін негізгі құрамнан орын алды.

"Спортингке" қарсы матч оның Чемпиондар лигасындағы ғана емес, ересектер деңгейіндегі алғашқы ресми ойыны болды.

Бұл көрсеткіш оған Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас үш қақпашының қатарына кіруге мүмкіндік берді. Қазақстандық қақпашы әйгілі Икер Касильястан (18 жас 118 күн) және Давид де Хеадан (18 жас 327 күн) ертерек алаңға шыққан.

Шерханнан жас болып тек екі қақпашы ғана ойнаған: 2017 жылы "Бенфика" сапында Миле Свилар (18 жас 52 күн) және 2019 жылы "Генк" қақпашысы Маартен Вандевоордт (17 жас 287 күн).

Айта кетсек, Шерхан Қалмұрзаның еншісінде ойын үстіндегі сейвтерден бөлек, қайтарылған пенальти де бар. Дәл осы сәт "Қайраттың" бірінші тайм бойы қақпасын голдан аман сақтап қалуына көмектесті.

Матч қорытындысы – 4:1.


Рекомендовать
Последние новости