Мұнай бағасы геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты қымбаттап жатыр

Ақтоты Жапатова 16 сент. 2025 12:36

Сейсенбі таңында мұнайдың нарықтағы бағасы геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты өсе түсті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Мәскеу уақытымен 8:10-да Лондондағы ICE Futures биржасында қараша айындағы Brent маркалы мұнай фьючерстері баррель үшін $0,14-қа (0,21%) өсіп, $67,58 болды. Дүйсенбіде Brent бағасы $0,45-қа (0,67%) көтеріліп, $67,44-ке жеткен еді.

Сол уақытта Нью-Йорк тауар биржасының (NYMEX) электронды саудасында қазан айындағы WTI маркалы мұнай фьючерстері $0,16-ға (0,25%) қымбаттап, баррель үшін $63,46 болды. Бұған дейінгі сессияда бұл келісімшарт $0,61-ге (0,97%) өсіп, $63,3 болған.

Еске салайық, бағаның көтерілуіне бірқатар геосаяси фактор әсер етуде. Израиль қорғаныс армиясы Газаны бақылауға алу үшін құрлықтағы шабуылды бастады. Қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, операцияның басты мақсаты – ХАМАС ұйымын толық талқандау және тұтқындарды босату. Палестиналық БАҚ 15 қыркүйек кешінде Газаның бомбалауға ұшырағанын және қалаға израильдік танктер кіргенін хабарлады.

Сонымен қатар, инвесторлар Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына Украина жасаған соққылардан кейін және АҚШ-тың ресейлік мұнайды сатып алушыларға қысымынан соң, мұнай жеткізілімінде үзіліс болуы мүмкін деп алаңдаулы. 13 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеуге қатаң санкциялар енгізуге дайын екенін, алайда оған НАТО-ға мүше барлық елдердің келісімі және ресейлік мұнайдан толық бас тартуы қажет екенін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости