"Қателеспейтін адам жоқ!". Тоқаев Назарбаев туралы пікір білдірді

Dalanews 28 янв. 2022 09:53 1275

Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын. Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Кемшілік жіберген кезі болса, оның елдің кейінгі басшылары таразыға тартатын болады", –  деді Қ. Тоқаев.

Оның атап өткеніндей АҚШ, Сингапур, Қытай секілді іргелі мемлекеттер көсемдерінің ел басқарған жылдағы жетістіктерін кемшілігінен жоғары қоя білген.


"Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ! Жұмыс істемей, қол қусырып отырған адам ғана қателеспейді. Америка президенттері де, Қытай көсемдері де қателескен. Олар да көп кемшілік жіберді. Тіпті елдің бәрі жақтап, мақтап сөйлейтін Сингапур көшбасшысы Ли Куан Ю-да қателік жіберген", – деді Тоқаев.

Оның пікірінше Қазақстан халқы Тұңғыш президенттің тарихи рөлін ұмытпауы керек. Оның қайраткерлік қабілетіне әділ баға берілуі тиіс. Өткенін қаралайтын халық, болашақтың қадірін білмейді.

"Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр", – деді Президент.


Ол сонымен қатар Назарбаевтың ядролық қарусыздану бағытында үлкен іс атқарып, әлемдік қауымдастық тарапынан абырой-беделге ие болғанын атап өтті. Өткен 30 жылда Қазақстан Орта Азия елдерінен озып, аймақтың көшбасшысы атанған.

Тоқаев сондай-ақ ел астанасына қатысты пікір білдіріп, оның Сарыарқа төріне орналасуы геосаяси тұрғыда көреген шешім болғанын атап өтті.

"90-шы жылдары Қазақстанға қастық ойлаған кейбір сарапшылар біздің елді көп ұзамай тарап тынады деген болжам айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сол бір аумалы-төкпелі шақта мемлекеттің қабырғасын қалауды мойнына алды", – деді Тоқаев.

Оның атап өткеніндей 90-шы жылдардың ортасында басталған шекараны шегендеу жұмысы ойдағыдай орындалған. Стратегиялық мәнге ие осы бір жетістіктің арқасында Қазақстан мемлекет ретінде өсіп-өне бастаған.

Сондай-ақ мемлекет басшысы елді ауыз бірлікке шақырды.

"Біз бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез-келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық", – деді Мемлекет басшысы.

Рекомендовать
Последние новости