Қатардан 150-ге жуық қазақстандық елге қайта алмай отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ZTB NEWS редакциясына жолданған бейнеүндеуде мәлімделген.
“Біз қазір Катар әуежайындамыз. Күтіп отырғанымызға 18 сағат болды. Арамызда нәрестелер, балалы аналар, қариялар бар. Ешкім нақты жауап бермей жатыр. Консулдық өкілдері келіп, мәселе жақын арада шешіледі деді, бірақ бізге өте қиын”, — деді ол ZTB NEWS редакциясына жолдаған бейнежазбасында.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Көлік министрлігі Персия шығанағындағы бірнеше елге қатынайтын рейстердің тоқтатылғанын хабарлаған еді. Бұл шешім аймақтағы әскери-саяси жағдайдың күрт ушығуына байланысты, қауіпсіздік мақсатында қабылданған. Мұндай шараларды халықаралық әуе компаниялары да қолға алған.
“2025 жылы 24 маусымдағы жағдай бойынша Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты бірқатар елде ресми түрде шектеулер енгізіліп, азаматтық авиацияға арналған әуе кеңістіктері жабылды. Мәжбүрлі шаралар қаруды қолдану қаупі, навигациялық жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі және азаматтық әуе кемелерінің ұшуы үшін жоғары тәуекелдерге байланысты қабылданды”, — деп хабарлады Көлік министрлігі.
Соңғы мәліметке сәйкес, шектеулер келесі елдерде қолданылады:
- Израиль әуе кеңістігі толық жабық;
- Иран әуе кеңістігі толық жабық (оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары);
- Ирак, Иордания, Ливан — зымыран мен дрон шабуыл қаупіне сәйкес ұшуларды уақытша шектеу;
- Кувейт, Бахрейн, БАӘ — рейстерді шектеу және тоқтату, ішінара қақтығыс аймағына жақын маршруттарды бұғаттау.
“Ірі халықаралық авиатасымалдаушылар да рейстерді уақытша тоқтатты. Олардың қатарында Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada
Дубай, Доха және Эр-Риядқа ұшуды тоқтатты. Qatar Airways ұшу кестесін реттейді. Etihad ресми ескерту жасады. Emirates қақтығыс аймағын айналып,ұшуды жалғастыруда”, — деді министрлік.