Алматы облысында полиция соттан қашқан іздеудегі қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің жедел қызметкерлері ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Ақши ауылында 1 сәуірде Қарасай ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотының аумағынан қашып кеткен күдіктіні ұстады.
"Іздестіру шаралары басталған сәттен облыстың полициясы және Ұлттық ұлан күштері толық жұмылдырылды. Көршілес облыстардың аумақтық бөлімшелері де іздеу жұмыстарына тартылды. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қашқынның қозғалу бағыты анықталып, полицейлер оның жасырынған жерін тапты. Арнайы бөлім сарбаздарының күшімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Негізгі қылмысынан бөлек оған қамаудан қашқаны үшін Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қосымша айып тағылған.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желіде 1 сәуірде Қаскелеңде кісі зорлады деген күдікті сот аумағынан қашып кеткені хабарланды.