Қасымов неге қазақшадан жалт берді?!

Dalanews 18 мая 2016 00:07 872

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың Мәжілістің дүйсенбі күнгі жалпы отырысында қазақша қойылған сұраққа орысша жауап бергені жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан мемлекеттік тілге деген құрметтің әлдеқашан жоғалғанын көрсетіп берді. Дәлірек айтқанда, Мәжілістің су жаңа һәм ең жас депутаты саналатын Геннадий Шиповских жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейіне алаңдаушылық білдіріп былайша (таза қазақ тілінде) сұрақ қойған болатын.

- Соңғы 8 жылдың көлемінде республика бойынша уақытша оқшаулау орталығы, бейімделу мекемелеріне 70 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жеткізілді. Сізге сұрағым, осы көрсеткіштерді азайту үшін қазіргі кезде нақты қандай іс-шаралар қолданып жатырсыздар?

Міне, осынау қарапайым ғана сұрақты Генадай отандасы өзіне арнап, өзінің ана тілінде жолдағанына қарамастан министр Қасымов қазақша жауап беруге келгенде жалт берді. Жауабының сиқы сөзбе-сөз келтіргенде былай болып шықты:

“Сұраққа рахмет! Рұқсат болса, мен орысша жауап берейін. Я сказал, что нам надо заниматься. Какие школы нам надо решать. Всего у нас 8 учебных заведений и всего одна спецшкола для тех, кто совершил преступление”, – деді Ішкі істер министрі. (Толық сілтемесі qazaquni.kz)

Әрине, министр Қасымовтың Мәжіліс депутаттары алдында талай өзекті сауалға тиянақты жауап беріп, өз саласында атқарылған жұмыстарынан хабардар еткендігі рас. Бірақ, осы бір кішкентай ғана көрініс оның қазақ шенділерінің ішінде өз туған тіліне деген құрметтен мақұрым жаратылған «мізбақпас министр» екендігін танытып, бүкіл жұмысынан түңілдіріп жіберді. Сыртқы істер министрі Ыдырысовтың бірнеше тіл білгенімен, қазақ тілінен хабарсыздығы талай сынға алынып жүргенде, ішкі істер минситрінің бұл қылығы «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтыны» еске түсірді. Бәрінен де шымбайға батқаны қазақ тілінде сауал жолдаған орыс Шиповских ғұрлы түйсігінің болмағаны жауап беру деңгейіне қарап «күйсегеніңді ұрайын» демеске лажың қалмайды екен. Бұл бір.

Екіншіден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан біраз уақыт бұрын ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында орыс тілінде жолданған сұраққа сол тілде жауап беру керектігін, өйтпеген жағдайда (мәселен, жауапты қазақ тілінде жолдаса) кез келген лауазымды тұлғаның қызметімен қош айтысатынын қатал ескеркені белгілі. Тіпті, бұл әлеуметтік желілерде екіұдай пікір туғызып, ақыры сол кездегі Президенттің баспасөз хатшысы, бүгінгі Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың арнайы түсінік беруімен өз жөнін тапқан болатын. Ал мұндай жағдайда қалай болар екен?! Министрге мемлекеттік тілде сұрақ қойған Геннадиге ресми тілде жауап берген (сол тілде емес!) Қасымовтың қызметімен қош айтысуы мүмкін бе?! Әй, қайдам... Өйткені, қазақ тілінде мәлімдеме жасау тұрмақ, қазақша әріптердің басын қосып әрең оқитын Премьер Мәсімовтің өзі осындай «үлгі көрсетіп» отырғанда қарамағындағы ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың қазақ тілінде қамшы салдырмай жауап қату екіталай дүние. Ал, Шиповских сияқты ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖАҢА БУЫНЫНА мың алғыс, әрине!

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,


Шығыс Қазақстан облысы.


 

Рекомендовать
Последние новости