Қасымбектің орнына Смайылов келеді - дереккөз

Көркем Алдабергенова 26 мар. 2024 10:37 7224

Әлихан Смайылов Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалуы мүмкін. Осылайша Смайылов Қасымбектің орнына келмек, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы телеграм арналар хабарлай бастады. Ондағы мәлімет бойынша, алдымен Ұлытау облысының әкімі пара алып ұсталған шенеуніктердің кесірінен Берік Әбдіғалиұлы қызметінен кетеді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында екі бірдей шенеунік пара алғаны үшін сотталған болатын. Ұлытау облысының мәдениет басқармасының басшысы Әнуар Омаров 2 миллион теңге пара алғаны үшін 6 жылға сотталса, Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкір 10 миллион теңге пара алғаны үшін 3,5 жылға сотталды.

Дереккөз мәліметінше, Ұлытау облысының әкімі болып – Қарағанды облысының қазіргі басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалуы мүмкін. Ал Қарағанды облысына қайтадан Жеңіс Қасымбек келуі ықтимал.Осылайша Астана қаласының әкімі болып экс-премьер Әлихан Смайылов тағайындалуы мүмкін.

Телеграмдағы мәлімет бойынша, Смайыловтың осы қызметке келуі шешіліп қойған. Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысының қабылдауында болған.

Еске салайық, бұған дейін Dala INSIDE телеграм арнасында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалидың карьерасы қыл үстінде тұрғаны жазылған болатын. 

Қаңтардың ортасында Ақорданың Есіл өзеніне қараған кулуарында жаңадан құрылған облыстардың экономикалық дамуына қатысты жабық жиын өтіп, Түркістан, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары әкімдерінің жұмыстары сараланды, – деп хабарлайды DALA INSIDE арнасы өзінің тұрақты дерекөзіне жүгініп.

Балапанды күзде санайды демекші, жиында аталған облыстарға жауапты инспекторлардың ой-пікірлері тыңдалған.

Жиынға қатысушылар Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалидың жұмысына көңілдері толмайтындарын ашып айтқан. 2022 жылы маусым айында Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғали мырза Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысын жоғары деңгейде өткізіп, Ақорданың алдында сенім кредитіне ие болған еді. Бірақ Берік мырза жиын-тоймен жинаған атақ-абырой өзіне жылдар бойы азық болмайтыны есепке алмаған сыңайлы.


Рекомендовать
Последние новости