Бүгін Хасан Қасымбаевқа қатысты кезекті сот отырысында қорғау тарабы судьяға қарсылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев сот төрағасы Айнагүл Тұқубаеваға қарсылық білдірді. Оның айтуынша, сот бірнеше рет қорғау тарабының істі толықтыруға қатысты өтініштерін қанағаттандырмаған. Оған мінездеме беретін материалдар мен бейнежазбалар да кірмей қалған.
«Қорғау тарабы Қасымбаев Ержанға қатысты мінездемелік материалдарды іске қосуды бірнеше рет сұрады. Адвокат сізге берген деректер оның ешқашан ұялы телефон қолдануға қатысы болмағанын дәлелдейді. Бірақ сіз істі толықтырудан бас тарттыңыз. Екінші адвокаттың бейнежазбаны қосуды сұраған өтінішін де қабылдамадыңыз. Қазір сіз негізсіз түрде жәбірленушілердің жағына шығып отырсыз. Сотты әділетсіз қарағаныңыз үшін сізге қарсылық білдіремін», – деді Мендешев.
Айта кетейік, судьяға қарсылық білдіру – егер тараптардың пікірінше, төрағалық етуші істің нәтижесіне тікелей не жанама түрде мүдделі болса немесе оның бейтараптығына күмән тудыратын жағдайлар болса, судьяны істен шеттету талабы.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, судьяға қарсылық білдірудің негіздері Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабымен реттеледі.