Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Жарбол Кентұлы 03 окт. 2024 09:23 178

Жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні, бұл күн – өмірдің мән-мағынасы мен тағылымын, дана қарттарымыздың асыл мұрасын, жүректің жылуын сезінетін ерекше мереке. Ата-әжелеріміздің алтын тәжірибесін, өмірлік сабақтарын бойымызға сіңіріп, олардың жарқын бейнесіне тағзым ету – біз үшін үлкен құрмет.

Осы орайда, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында, М.В.Ломоносов атындағы № 38 Қазақстан-Ресей гимназиясында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл жоспар аясында оқушыларға адамгершілік құндылықтарды бойларына дарытып, аға буын өкілдеріне деген ілтипатты, жанашыр көзқарас қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Құрмет пен қамқорлықтан тұратын шараларға тоқталсақ, айлық аясында гимназияыздың директоры Гүлжан Досаевнаның бастамасымен және сынып жетекшілері «Жақсылық жасаудан жалықпа» атты сынып сағаттарын өткізді. Сабақтарда мұғалімдер балаларға қарттардың өмірлік тәжірибесі, шексіз мейірімдері мен даналықтары жайлы сыр шертті. Қоғамға деген махаббатпен, адал еңбегімен үлгі болған қарттарымызға көмек қолын созудың, мейірімділік танытудың маңызын түсіндірді. Оқушылар бұл күні жақындарына жылы сөздер айтуды, жан дүниелеріне нұр себуді үйренді.

Алтын ұрпаққа тағзым – ардақты парызды ескере отыра, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында, бастауыш сынып мұғалімі Саденова Ботагөз Затенқызының ұйымдастыруымен «Алтын жасқа тағзым» атты әсерлі сыныптан тыс іс-шара өтті. Іс-шараға мектеп оқушыларының әжелері мен аталары шақырылып, мерекелік бағдарлама шеңберінде әндер айтылып, билер биленді, өлеңдер оқылып, әсерлі көріністер қойылды. Бұл сәттерде ата-әжелеріміздің жүректеріне қуаныш ұялағанын сезініп, олардың жүздерінен жылу мен мейірімнің бейнесін көргендей болдық.                            

Өнегелі өмірдің жарқын бейнелеріне тоқталсақ, гимназиямыздың 7 «З», 5 «Д», 9 «Ж» сынып оқушылары мен ата-аналары еңбегі сіңген педагогикалық ардагерлерді құттықтап, оларға шынайы алғыстарын білдірді. Кездесуде ардагер ұстаздар өздерінің өмір жолы, қоғамға сіңірген еңбегі мен мектеп қабырғасында өткізген жылдары туралы әңгімелеп, оқушыларға маңызды ақыл-кеңес берді. Олардың әр сөзі – өмірден алынған сабақ, ұрпақтар сабақтастығының жарқын мысалы.  

        

Алматы қаласы Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, асық ату ұлттық ойынынан аудандық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. «Асық ату» – бұл тек ойын ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің, үлкенге құрмет көрсетудің, бірлік пен достықты нығайтудың көрінісі болды.    

Рухани мерекенің мерейлі сәттері аз емес. Қарттар үйіне барып, мерекелік концерт қою – біздің оқушылар үшін ерекше әсер қалдырды. Әсем ән мен бидің, мағыналы сөздердің, әжелеріміз бен аталарымызға арналған жүрекжарды тілектердің өзі олар үшін демеу болып, олардың жанын жадыратты.

Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының қолынан шыққан «Күз сыйлары» атты бұйымдар көрмесі жасалып, қарттарға арналған азық-түлік себеттері дайындалды. Бұл қарапайым сыйлықтардан оқушылардың жүрек жылуы, ата-әжелеріне деген сый-құрметі байқалып тұрды.

Мектебіміздің ұйымдастырған қарттарға арналған айлығы – бұл аға ұрпаққа деген алғысымыз бен рухани қарым-қатынасты нығайтуға арналған салтанатты мереке. Әр іс-шара, әр сөз – мейірім мен шынайы құрметтің көрінісі. Осыдай маңызды іс-шаралар гимназиямызда жыл бойына үздіксіз өткізіліп отырады. Себебі, мұндай іс-шаралардың өскелен ұрпаққа берер тәлімі мол. 

Қарттарымыздың өмір жолы – біздің болашаққа берік іргетасымыз, жарқын үлгі, ал олардың даналығы – мәңгілік мұра болып қала бермек.

 


Рекомендовать
Последние новости