Кликбейтке құмартқан кейбір БАҚ қоғамның санасына манипуляция жасауда — сарапшы

Қаракөз Амантай 20 нояб. 2024 19:43 188

Қазақстанның қазіргі медиа саласына баға берген саясаттанушы Ассоль Мирманова журналистердің дабыра туғызатын жаңалықтарға әуестігі қоғамға кері әсерін тигізіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазба жариялады.

“Қазіргі медиа – қоғамдық пікір қалыптастыра алатын қуатты құрал. Алайда сенсацияға ұмтылу, жарнамадан түсетін табыс пен әлеуметтік желінің алгоритмдеріне тәуелділік редакцияларды объективтілік пен сападан гөрі, барынша назар аудартатын контент жасауға итермелеуде. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктердің де кейбір мәлімдемелері осындай жағдайларға түрткі болуда. Бұл тәсілдің негізгі құралдарының бірі – кликбейтті тақырыптар мен дау-дамайға басымдық беру. Бұл жай ғана журналистік тенденция емес, шын мәнінде қауіпті құбылыс, әсіресе, Қазақстан сияқты полиэтносты және поликонфессиялы елде”, — дейді ол.


Сарапшы “Беттеридж заңына” сүйеніп, сұрақ түрінде құрылған тақырыптардың көп жағдайда қоғам тарапынан теріс қабылданатынын айтты.

“Мәселен, “Қазақстан экономикасы құлдырап жатыр ма?” деген тақырып аудиторияда “дағдарыс” сезімін тудырады.

Мұндай тәсіл қорқыныш, ашу-ыза, үрей сияқты сезімдерге басымдық беріп, саяси күйзелісті өршітеді. Бұл, әсіресе, Қазақстан үшін қауіпті, өйткені этносаралық немесе діни қақтығыстарға назар аудару шиеленістің өршуіне қозғаушы күш бола алады. Халықтың мемлекетке деген сенімі сенсациялық әрі жалған жарияланымдар арқылы күшін жоя береді”, - деп қосты ол.


Мирманова медианың жауапсыздығы мен салғырттығы елдің экономикалық мүмкіндіктерін де тежеуі мүмкін екенін ескертті.

“Үздіксіз дезинформация мемлекеттің беделіне кері әсерін тигізеді. Экстремизм мен терроризм қаупі өршіп тұрғанда жағдай одан әрі ушығып, шындықты бұрмалауға бағытталған медиа-практикалар радикалды топтардың құралына айналады. Олар деструктивті нарративтерді қолданып, азаматтардың жағымсыз эмоцияларын күшейтіп, қоғамдық тәртіпті бұзады. Сонымен қатар мұндай практика мемлекеттің ұзақмерзімді экономикалық мүдделерін де бұзады. БАҚ-тың ішкі қақтығыстар мен дағдарыстарды сенсациялауға бағытталған жүйелі жарияланымдары халықаралық қауымдастықта тұрақсыздық бейнесін қалыптастырады. Инвесторлар үшін бұл – елге капитал мен ірі жобаларды тарту мүмкіндігін төмендететін қауіп сигналы.

Туристер бұл аймаққа жоламауға тырысады. Бұл ел имиджі мен стратегиялық маңызды салалар кірісіне кері әсер етеді.

Халықаралық дипломатияда мұндай медиа нарративтер Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақтылық моделі мәртебесіне нұқсан келтіреді”, — деп түсіндірді сарапшы.

Оның пікірінше, елдегі дағдарыс, сыбайлас жемқорлық пен биліктің қабілетсіздігі туралы үздіксіз материалдар қазақстандықтардың өзгерістерге деген сенімін жояды.

“Осындай сарындағы жаңалықтар халықты саяси өмірден оқшаулап, сырттан жасалатын арбауларға оңай түсіреді. Билік, қоғам және медиа арасында конструктивті диалогтың жоқтығы радикалды идеялардың таралуына қолайлы орта жасайды.

Сонымен қатар мұндай ақпараттық орта ұлттық қауіпсіздік жүйесін әлсіретеді. БАҚ мәселелерді талдаудың орнына, оларды ушықтыруға үлес қосса, билік халыққа маңызды месседждерді жедел жеткізу мүмкіндігін жоғалтады.

Бұл құқық қорғау органдарының тиімділігін төмендетеді, экстремизм мен радикализациямен күресті қиындатады және ақыр соңында, мемлекетке дағдарыстарға жауап беруді қиындатады”, - дейді ол.

Оның пікірінше, медиа қоғамды біріктіру мен ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс.


Рекомендовать
Последние новости