Қарағанды Нығматулиннің ықпалынан шықты - саясаткер

Сағыныш Сардарова 26 апр. 2024 14:56 4671

Экс-сенатор Уәлихан Қайсаров Ескі Қазақстанның қазіргі ықпалы туралы, сонымен қатар, сот жүйесінің былықтары жөнінде ашық айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Ұлытау және Қарағанды облыстарында ескі кланның ықпалы өзгерген.

"Қарағанды облысы - өзімнің туған облысым, Ұлытау облысы - нағашы жұртым. Сондықтан екі облыс жақсы танымал. Үнемі қатынап тұрмын.

Нығматулиннің ықпалы азайды деп айта аламын. Кимнің, Қазақмыстың ықпалы азайды деп тағы да айта аламын. Өйткені кезінде олардың екеуі Назарбаевтың қорғауында жүрген адамдар-тұғын.

Ұлытауды алатын болсақ, қазір жұмыскерлердің жағдайы жақсарып келе жатыр. Өйткені олар үнемі шеруге шығып, талаптарын жұмыс берушіге қойып, жұмыс берушілер олардың талаптарын орындауға мәжбүр болып тұр. Жүйе өзгерді, Назарбаевтың ықпалы күрт азайды. Сондықтан олар сенетін, арқа сүйейтін биліктегі адамдар азайды", - деді ол Bilgen Durys арнасына берген cұхбатында.

Дегенмен Уәлихан Қайсаров 30 жылдық жүйеге қоғамның да белгілі бір әсері бар екенін айтады.

"Қоғам қандай? Билік те сондай. Назарбаев 30 жыл билікте отырды ма, оған бәріміз кінәліміз. Назарбаевқа осындай жол ашып бергенімізге, осылай отырғанына қоғам өзіміз кінәліміз.

...Әкімдердің 80-90 пайызы Назарбаев жүйесі, министрлердің бәрі - Назарбаев кезінде болған министрлер. Назарбаевтың жүйесінен тыс, сырттан келген адамдарды көріп тұрған жоқпын. Назарбаев әуежайын неге өзгертпейді, Назарбаев интеллектуалды мектебі. Неге оны ұлттық интеллектуалды мектеп деп атамайды? Балалар, жас буындар мектепте жүріп, Назарбаевты осы бастан құдай сияқты көреді", - деді ол.

Оның пікірінше, сол Назарбаев әулетінің белді өкілдері - Самат Әбіштің, Әлия Назарбаеваның кейстері қылмыстық істен гөрі саяси сипатын көбірек көрсетіп отыр.

"Қылмыстық процесс болса да бәрібір асты саяси болып тұр. Өйткені оның асты - Назарбаевтың әулеті, Назарбаевтың отбасы. Сондықтан бұл істе саясат жоқ деп ешкім айтпайды", - деді Қайсаров.

Қоғам қайраткері өңірлерде болып жатқан су тасқынына кінәлілерді жауапқа тартпас бұрын әкімдерді сайлау жүйесіне халық тікелей қатысуы керек екенін де жеткізді.

"Әкімдер қалай тағайындалады? Біреудің туысы, біреудің ақшасы, біреудің танысы, біреудің мүддесі. Мысалы, миллиондаған гектар жерді біреуге беру үшін отырғызады. Жолшыбай қандай проблемалар болып жатыр, әсер етпейді, керек емес. Адам өліп жатыр ма, су тасқыны болып жатыр ма, қатты аязда жылу жүйесі жарылып жатыр ма, ол проблема емес. Ең басты проблема - тағайындаған мақсаты қандай, біреуге зауыт-фабриканы бергізу, жерді бөлісу, бітті. Сол орындалғаннан кейін ауысып кетуі мүмкін", - деді экс-сенатор.

Қазір қоғамды алаңдатып отырған тағы бір мәселе - Бишімбаев ісі. Бұл тұста Қайсаров сот жүйесіндегі былықтар туралы да айтты.

"Әзірше ол (Бишімбаев ісіндегі судья - еск.) бәрін дұрыс істеп жатыр. Судьяны беталды қойған жоқ, ол өте маманданған. Ол прокурордың сөзін тыңдап жүрген жоқ, тек заңмен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жоқ (судьяларды сатып алуға бола ма - еск.). Бар (Назарбаев әулетінің судьялары бар - еск.), сондықтан олар керек болған жағдайда құтыла салады. Ал жаңадан тағайындалып жүрген судьялар адал. Өз практикамда әділетсіз судьяны көрген емеспін.

...Әкесі (Бишімбаевтың әкесі - еск.) - ескі жүйенің адамы. Кезінде оны (Бишімбаевты - еск.) он жылға соттады ғой. Кейін отырды ма, отырмады ма, Назарбаевтың жарлығымен рақымшылық жасады. ...Кейін олар апелляция жасауы мүмкін. Кейін Жоғарғы сотқа дейін жеткізуі мүмкін", - деді ол Bilgen Durys арнасына берген cұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости