«Қанттың қымбаттауы геосаяси жағдайға байланысты». Шенді бағаның қымбаттауын түсіндірді

Dalanews 31 мая 2022 03:31 1089

Еліміздің бірқатар өңірлерінде қант қайтадан қат тауарға айналды. Айталық, Ақтөбенің дүкен сөрелерінде қорабы мың теңгелік шақпақ қант қана сатылып жатыр. Оралдықтар шекер үшін сауда орнында бірін-бірі таптап, тәттіге таласуда, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал азық-түлікпен елді қамтуға жауапты ауыл шаруашылығы министрлігі жақын арада 150 вагон қантты өңірлерге таратып беретінін айтты. Осылайша тапшылықты жоймақшы.

Ақтөбе тұрғындары үш күннен бері қант таба алмай сабылып жүр. Әкімдіктің тікелей бақылауындағы әлеуметтік дүкендердің сөресі де бос. Супермаркеттерде құмшекер төрт күн бұрын болған. Ол кезде келісі 461 теңгеден сатылыпты. Қазір тек мың теңгелік қораптағы шақпақ қант қана қалған.

«Екі күннен бері шекер таппай жүрмін. Біраз дүкендерге бардым. Қымбаттап жатыр. Бәрі қымбаттап жатыр, екі есе, үш есеге. Халықтың зейнетақысы өте аз, бізге қиын» дейді жұрт.

Ақтөбелік шенеуніктер болса тұрғындар «қанттан тапшылық көрмейді» деп, ант-су ішіп отыр. Олар дүкен сөрелерін құмшекерге толтырып, әр адамға үш келіден артық сатпауды көздеп отыр. Осыдан бір апта бұрын көршілес Оралда шенеуніктер де дәл осылай айтқан еді.


Бірақ Оралда жұрт дүкенде қантқа таласып жатыр. Оралда қант үшін тұрғындар бір-бірін таптап кетуге әзір. Шекерді шектеп сатқанның өзінде, жұрттың бәріне шекер жетпеуде. «Дүкенде қант жоқ. Оны қайдан аламыз? Неге жоқ? Қымбат болса да, жоқ! Неге қымбаттата береді қантты?!», «Шенділер «Қазақстанда бәрі шығады» дейді ал бізде жоқ. Әлде қант Оралдан айналып кете ме?» деп қарпайым халық наразылықтарын білдіріп жатыр.

Бұрын қант көршілес Ресейден тасымалданатын. Наурызда ол жақ тәттіні экспорттауға тыйым салған. Енді елімізде тек Жамбыл облысындағы қос зауытқа телміріп отыр. Оның бірі жақында ғана іске қосылды. Зауыттың өзінде қант қазір келісіне 450 теңгеден шығып жатыр. Себебі, Латын Америкасынан жеткізілетін шикізат қымбаттапты.

– Егер шикізат Қазақстан, болмаса, жанымыздағы Ресейде болса, оның бағасын қадағалауға мүмкіндік болар еді. Енді бұл шикізат Латын Америкасынан келіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл геосаяси мәселеге байланысты. Шикізат порттармен келеді. Соның кесірінен бізде қант бағасы қымбаттап жатыр. Бүгінде бір келі қантқа 450 теңге ең жақсы баға десе болады, – дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.  


Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер қант тапшылығын болдырмас үшін «барымызды салып жатырмыз» дейді. Қазақстан теміржолымен бірлесіп өңірлерге тәттіні тасымалдауды жеделдетуге келісіпті. Жақында аймақтарға 152 вагон қант таратылмақшы.

Рекомендовать
Последние новости