Қаңтар? Қолынан билік сусып кетіп бара жатқан ескі Қазақстан сол кезде әрекетке көшті - депутат

Сағыныш Сардарова 28 мая 2024 11:42 3735

Режиссер, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркін Рақышев Қазақстанның бүгінгі жағдайына кімдер кінәлі екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, Назарбаевтың байлығы 200 миллиард доллардан асып жығылады деген деректер бар.

"Біздің мемлекет жүйе дұрыс болмағанынан дамымады. Мүмкін басында Назарбаев дұрыс бастаған да шығар. "Ақша көріп періште жолдан таяды" дейді ғой. Мұның Назарбаевқа қатысы жоқ. Бұл ақша көрмеген ғой. Содан кейін ақшаны көрді де "ала берейін, ала берейін" деген.

Кейбір деректерге қарағанда, "Назарбаевтың 200 миллиард доллардан аса ақшасы бар" дейді. Кім экономиканы біледі, олар түсінеді. Одан көп болмаса, кем емес. Оны не істейді?! Ана жаққа алып кетпейді ғой. Іштарлық, тексіздік. Ата-бабалары байлықты, дәулетті көрген адамдардың ұрпағы олай жасамайды. Экономиканың бәрін бір отбасының, билікке жақын жүрген олигархтардың мүддесін қорғайтын қылып жасады. Нәтижесінде осындай тақыр кедей болып отырмыз. Қазба байлықтарымызға, жалпы байлықтарымызға қарағанда және халықтың санымен салыстырғанда әлемдегі ең бай мемлекеттің бірі біз болуымыз керек еді. Өкінішке орай, ең кедей мемлекеттердің арасындамыз.

Себебі біздің жүйе, экономика дұрыс емес. Бүгінгі экономиканы салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жолсыз жермен қараңғыда жүріп келе жатқан көлікке ұқсайды. Ол машинаның не рөлі жоқ, не жарығы жоқ, бірақ жүргізуші екеу: біреу газды басса, екіншісі тежегішті басып отыр. Біздің бүгінгі экономиканы солай деуге болады. Арғы жақында жарқын болашақ бар ма? Жоқ. Мына түрімізбен жол апатына ұшыраймыз. Мемлекет болып қалуымыз екіталай. ...Бүгінгі халықаралық жағдайға, басқа да факторларға қарасақ, қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясат жүріп жатыр", - деді Рақышев "Ашық подкастқа".

Еркін Рақышев Қаңтар оқиғасына ескі Қазақстанның қандай қатысы бар екенін де айтты.

"Қаңтар газ қымбаттауына қатысты халықтың наразылығынан кейін шықты. Олар тек газға наразы емес, жалпы қымбатшылыққа, заңсыздыққа, кедейлікке, билікке деген қарсылығынан шықты. Жер-жерде халық көтеріліп, содан шықты. Бір кезде қолынан билік сусып кетіп бара жатқанын түсінген ескі Қазақстанның өкілдері мұны қалай да өздерінің адамдары иеленіп қалсын деп өздерінің адамдарын кіргізді. Арандатушылар бар, басқалар бар. Енді мынадай мәселе туындайды: Қаңтар қайталануы мүмкін бе? Егер Үкімет қаңтарда туындаған проблемаларды шешкенде, Қаңтар қайталанбайтын еді. Оның біреуі де шешілген жоқ қой. Сол кедейшілік. Сол қымбатшылық", - деді депутат.

Сонымен қатар, ол активтерді шетел асырғандарды, халықтың байлығына қол салғандарды түрмеге тоғыту керек деген пікірде.

"Халықты билікке сендіретін жол бар. Мен де Тоқаевқа сенер едім. Тоқаев халыққа бет бұрамын деп ұрланған ақшаларды қайтарамын деп, ұрлағандардың бәрін түрмеге отырғызса, ұрланған ақшаны қайтарса, халықтың жағдайын жасаса, бүкіл заңды халықтың мүддесін қорғайтындай етіп жасаса, сол күні Тоқаевты қолдайтын едім. Назарбаевты түрмеге отырғызып қойсыншы, сол күні қолдаймын", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости