Қаңтар оқиғасы? Халықтың дүр көтерілуіне кедейшілік емес, әділетсіздік себеп болды - заңгер

Dalanews 02 сент. 2022 05:35 893

 Қаңтар оқиғасына байланысты құрылған «Аманат» комиссиясы осы уақытқа дейін тынымсыз жұмыс істеді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалатынын айтқанда, кесімді сөзі біз үшін үлкен жеңіс іспетті көрінді.

Рақымшылық жасау жайын билікке біз бірнеше рет ұсындық. Тергеу изоляторында жатқан 600-ге жуық азаматтың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлестік. Барлығы бұрын сотталмаған, құқық қорғау органдарының назарына оғаш қылығымен түспеген, қазақтың қарапайым жігіттері. Адал кәсіп етіп келгендер.

Енді 4 қаңтардағы оқиғадан, яғни, бір күннің ішінде олар қылмыскерге айналып шықпайды ғой.

Біз әрбірінен  «мынаны неге істедің, қаруды не мақсатпен алдың?» деп сұрадық.

Хаттама толтырмайтын болған соң бәрі ашық сөйледі. Бәрі де не үшін істегенін түсіндіре алмады, «білмеймін» деп жауап қайтарды. Анализ жасап, ұсыныстарды Президент әкімшілігіне жолдадық. Ал қылмысты ұйымдастырғандар, арандатқандарға келгенде, әңгіме басқа. Тергеу орындары кімнің кім екенін анықтап үлгерді деп ойлаймын.

Бұл рақымшылықтың ар жағында бірнеше айлық тынымсыз еңбек тұр.

Нақты кейстарды алып, әр адамның өмір тарихын, мінездемесін зерттедік. Бәрі ұқсас, ауылда туған азаматтар. «Ал алаңға не үшін шықтың?» деп сұрағанда, барлығы да «әділетсіздік себеп болды» деді. Оларды бүгінгідей жанармайдың немесе қанттың қымбатшылығы ашындырмаған.

Шынын айтқанда, кедейшілік тақымымызды қысып бара жатқан жоқ. Басты себеп – әділетсіздік болған.

Бұрын кей тұстарда соттан, құқық қорғау органдарынан көрген әділетсіздігі түрткен. 25 жастағы бір жігіттен жауап алдым.

«Себеп әділетсіздік болды» деп ашық айтты. «Жас қой, кімнен әділетсіздік көрді?» десеңіз, бұрын жақындарының, достарының көрген әділетсіздігі қозғаған. Осының бәрі рақымшылық жайлы ұсыныс айтуға түрткі болды.


Заңгер ретінде сараптасақ, олардың істегені қылмыс емес деп ешкім айта алмайды, өтірік емес. Біздің айтқымыз келгені – олардың табиғаты қылмыскер емес. Адам қылмыскер болу үшін сол жолда қалыптасады, мектепте тәртіпке бағынбайды, кейін сондай ортаға түседі, ал қаңтар оқиғасына қатысқандар – таза адамдар. Енді оқиға үшін айыпталып, 3-5 жылға сотталған азаматтар да босап шығып, сот үкімдері кері қайтарылады. Бұл әлі игі істің басы деп білем.

 

Рекомендовать
Последние новости