«Қаңтар оқиғалары» мемлекеттілікке қауіп төндірді

Dalanews 04 янв. 2024 15:10 9748

Президент Тоқаев жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасына баға беріп, оқиғаны қаскөй топ ушықтырды деп мәлімдеді. Қаскөй топ туралы бірнеше рет айтқанмен, олардың атын атап, түсін түстемеді.

– 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін ел жаңа өзгеріске бет бұрды. Бұл бағдар кей ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар мұны «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады.

Қаскөйлердің жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Сол кездегі ахуал күрделі болды, құрдымға кетуге шақ қалдық. Бірақ, бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым, – деді Мемлекет басшысы.



Қаңтардың себеп-салдарына келсек, Тоқаев бұл халықтың көтерілісі емес екенін айтады. Президенттің сөзінше, ұйымдастырушы топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болған.


– Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Демократияның бесігі саналатын Батыс елдеріне қараңыздар, ешкім мұндай қадамға барған адамның маңдайынан сипамайды.

Полиция тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талабына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан адамдарды әшкереледі.

Ал кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адамдардың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақымшылық жасалды», – деді ол сұхбатта.

Бұған қоса Қаңтар оқиғасы кезінде президент Ақордадан кетпей, табандылық танытқанын баса айтқан.

– Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым, – дейді Тоқаев.



Алайда өзіне «кет» деп кім, қандай жағдайда айтқанын бұл сұқбатында да ашып айтпаған. Сонымен қатар сұхбатта «Қаңтарда Ресей құтқарып қалды» деген пікірге жауап бар.

– Тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына сүйенді. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік, – деді Тоқаев.

Қаңтар қасіреті туралы баяндама ұсынылды

Жақында саясаттанушы Марат Шибутов оқиғаға үн қатып, «Алматы трагедиясы: екі жылдан кейін» атты баяндамасын ұсынды. Мұнда оқиғалардың хронологиясы, наразылықтардың себеп-салдары талданған.

Автор оның әрқайсысына дәлел келтірген. Айтуынша, ескі элитаның бір бөлігі билікті басып алуға тырысты, ал ол қарапайым халыққа қатты әсер етті. Оған қоса «Бейбіт наразылықтар» және «халықтық революция» туралы нұсқау адам сенгісіз, ол теоретиктердің ойлап тапқаны.

– Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды. Қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келгені де анық. Бұл жерде президенттің нақты шешімдері болмаса, мемлекеттік төңкеріс міндетті түрде болатын еді, – деп жазған автор.

Шибутовтың сөзінше, Қазақстанның саяси жүйені демократияландыру және либерализациялау жолымен жүргені өте маңызды.

Биліктегі элитаның ауқымды ротациясы да мемлекеттік төңкерістің алдын алуға мүмкіндік береді.



Диалог компромиске әкеледі

Бұған дейін саяси ғылымдар докторы, профессор Сайын Борбасов Қаңтардан кейінгі залал туралы мәліметті Dalanews-ке жариялаған болатын. Онда ғалым трагедиядан кейінгі экономикалық шығынның жай-жапсарын баяндады.

– Қаңтардан соң ел экономикасына 136 млрд теңгенің шығыны келіпті. Оның 112 млрд-ы Алматы қаласының үлесінде. Бұрын 100 мектеп саламыз деп 70-80 млрд теңге жұмсайтынбыз. Қарап отырсақ, сол 136 млрд теңгеге 100 емес, 150 мектеп салуға болар еді. Алайда, еліміздегі мектеп мәселесін шешетіндей қаржы далаға шашылды. Бірақ, осы оқидан соң үлкен өзгеріс орын алды. Ескіліктен арылып, жаңа қоғамға, Жаңа Қазақстанға бет алдық, – деген.

Сонымен қатар ол диалогтың нәтижесінде халық пен билік өзара компромиске келгенін, жаңа саяси реформалар орын алып жатқанын айта кеткен.

Ғалымның бұл пікірін кеше Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан аңғаруға болады.

– Ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның ел үшін айрықша маңызы бар. Себебі ,ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін, – деді Тоқаев.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости