Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Путиннен Жеңістің 80-жылдығына орай өтетін шеруге шақырту алған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы телеграм арналардағы дереккөздер хабарлады.
"Экс-президенттің айналасындағылар Назарбаев Путиннің Жеңістің 80-жылдығына орай өтетін шеруге жіберген шақыртуын қабылдағанын біледі. Ерекше атап өтетін жайт: Ресей астанасында өтетін мерекелік шараға шақырту тұңғыш президентке де, қазіргі мемлекет басшысына жіберілген. Бірақ Тоқаев Назарбаевқа қарағанда шақыртуды қабылдамаған", - делінген жазбада.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы пікір білдірген болатын.
"Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек", - деп сұрады журналист.
"Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды", - деді президент Тоқаев.
Айта кетейік, 14 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин өзінің Ново-Огарёво резиденциясында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдады. Алайда кездесу туралы ешқандай толық ақпарат жоқ.