Путин адам емес

Dalanews 03 апр. 2018 09:28 852

Путин жеңді. 76 пайыздан асып жығылған дауыс жинады. Бұл – рекорд. Орыс халқы өз президентін құлай сүйетінін тағы бір дәлелдеді.

Таңғалмаймыз. Әзіргі әңгіме сайлау туралы емес.

Режиссер Виталий Манский  (суретте) осыдан 18 жыл бұрынғы Путинді еске алыпты. Осыдан 18 жыл бұрын 26 наурызда Путин билікке келген.  


«Болды. Бітті. Кетіп барамын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым... Бұл жігітті (Путинді айтады, ред.) 20 үміткердің арасынан іріктеп алдым» деген еді марқұм Борис Ельцин.

1999 жылы сол тұста ФСБ-ны басқарып тұрған Путин президент міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалады. Ол жылдары аз да болса да, саяси бәсеке бар-тын.

«Путин алғашқы айналымда жеңе ме, әлде қайтара сайлау өткізудің қажеттілігі туындай ма?» деген сауал өзекті-тұғын. Путиннің сайлауалды штабын президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Медведев басқарған.

Содан бері 18 жыл өтіпті...

Манский болса, аң-таң.

«Бұл қалай? Әлі отыр ма? 18 жыл артта қалды, алда 6 жыл бар. Қоса алғанда Путиннің биліктегі мерзімі 24 жылға созылмақ. Ширек ғасырға жетіп жығылмақ. Одан әріге созылуы да ғажап емес...» дейді ол.

Режиссердің Ресей президенті туралы пікірін ықшамдап ұсынып отырмыз.

 

Айдаһар


2000-шы жылдардың басындағы Путин мүлде бөлек еді. Болмысы бөлек еді. Сүйкімді еді. Сөз тыңдайтын еді. Пікір алмасуға әзір еді ол.

Қазіргі Путин мүлде бөлек. Бұл тіпті осыдан 5 жыл бұрынғы Путин емес.

Анығы, Путин жоқ. Ет пен сүйектен жаралған адам емес бұл. Айдаһар. Аждаһа.  Адам Путинді айдаһар Путин жеңіп кетті. Уыстан шығып кетті ол.
Анығы, дәл қазір Путиннің қолында билік жоқ. Ол биліктен әлдеқашан айырылған.

Тіпті бір күні таңсәріден оянып, өзінің жаза басқанын, қателескенін түсінсе де, оны түзеуге тырысса да, қолынан келмейді. Себебі, айдаһар Путин ет пен сүйектен жаралған адам Путинді жоқ қылып жіберген.

Өкініштісі, бұл айдаһар Ресейді әлі ұзақ жыл басқаратын болады.

Путиннің тұсындағы Ресейде болашақ жоқ. Аға буынға бәрібір. Сүрер ғұмырын сүрді. Путин билікке келген тұста өмірге келген ұрпақ жақсы сезінеді мұны. Сезінеді деп ойлаймын...

 Бұрынғы және қазіргі Путин


 

Путин қалыпты өмірге қайтып оралмайды енді. Орала да алмайды. Мүмкін емес. Қазіргі жүйе, биліктің ресейлік нұсқасы бәрін бүлдіреді. Бәрін бұзады. Путиннен бастап биліктің ең төменгі сатысында жүрген әкім-қараларға дейін бәрі «бұзылған». Кісіліктен кеткен, адамдықтан алыстаған.
Билік өзгерткен бұлардың барлығын. Азғырған. Азғындандырған. Ендеше Путинді ойлап көріңіз?

18 жыл бойы үздіксіз билеп келе жатқан Путин әуел бастағы, ана сүтімен дарыған адами қасиеттерін сақтап қалды деп ойлайсыз ба? Бүгінгі билік жүйесі Путинді мұның бәрінен ада қылды.

Путин ғана емес, басқасына да қатысты бұл. Билік өзгертеді адамды. Бұзады. Ниетін бұзады. Пиғылын бұзады.
Осыдан 18 жыл бұрынғы Путин мен қазіргі Путиннің арасы жер мен көктей.

2000-шы жылдары үйіп-төгіп берген демократиялық ұрандары мен уәделерін ұмытып кетті ол. Есінде жоқ. Санасынан, көңіл көзінен өшкен. Бәлкім, сол шақта оның сөздері шынайы болған шығар, бірақ қазіргі шақта бұлардың тырнақ ұшындай күші жоқ.

Путин өз-өзін сақтап қала алмады. Былғанды. Батпаққа батты.

Путинизмнің ең алғашқы құрбандығы да Путиннің өзі. Ол бас еркіндігінен әлдеқашан айырылған. Сондықтан оның ұрандары мен уәделерінің күші де, мәні де жоқ.
Ол енді қалыпты өмірге қайта орала алмайды. Мүмкін емес. Оны еш жерге сыйғызбайды. Оның жалғыз қонысы да, қорғанышы да билік. Басқа барар жері, басар тауы жоқ.

Айттым ғой, сыйдырмайды. Биліктен кеткен күні, биліктен тайған күні қайда барады Путин? Қайда паналайды? Білмеймін.

Бәлкім, Венесуэлаға көшер. Бәлкім, Солтүстік Кореядан пана табар.

Ол өзі құрған қақпанға өзі түсті. Өз-өзін бұрышқа тықты. Өз-өзін тығырыққа тіреді.


Оған қарағанда...


Иә, оған қарағанда Горбачев дұрыс еді. Путинмен де, Ельцинмен де тілдескен адаммын.
Солардың арасында Горбачевтың кісілігі барын сездім.

Ол кісілігін сақтап қалды. Билік оны бұза алған жоқ. Бұзып үлгере алмады.

Горбачевтың билігі ұзаққа созылған жоқ.

Ол қалыпты өмірдің, қарапайым өмірдің дәм-тұзын татты. Ағзасын тазартты. Биліктің бәлкім дуасынан, бәлкім уытынан аман қалды.
Билік – ауру. Билікте болу – ауру. Билік құру – ауру. Одан айығу қиын. Горбачев бұл дерттен дер кезінде құтылды.

Биліктің ауру екенін демократиялық елдер  баяғыдан біледі. Бұлардың Ата заңдары диктатураға, диктаторларға қас. Диктаторлық белгілері барларды билікке жолатпайды.

Мұндайлар билікке бір жармасса, қайтіп жібермеуі мүмкін.

Диктатура демократияның жауы немесе керісінше...
Ұзақ билікте отыру демократия үшін нонсенс.

Путин мұны білмейді емес, біледі. Батыстың құндылықтарынан қорқады ол.

 

Біз


Путиннің бүгінгідей болғанына, бүгінгідей кейіпке енгеніне біз, мына біз кінәліміз. Біз, мына біз бүгінгі Путинді жасап шығарған.

Анығы, біз сыбайласымыз оның. Сыбайласына айналғанымызды байқамай да қалдық.

Біз кінәліміз Путиннің мұндай болғанына. Бүгінгі кетеуі кеткен тұрмысымызды да басқадан емес, әуелде өзімізден көруіміз керек.
Путинді айдаһарға айналдырдық. Ол өсті. Өзгерді. Күшейді.

Ресейдегі 143 млн. халық Ресейдің емес, Путиннің қол астында қазір. Путин халықты қолшоқпар қылды.

Аға буын, орта буын. Оларға бәрібір. Олар өз ұрпағын да өздері сияқты тәрбилеуде.

Мектепке барған да бала ертең мектеп бітіргенде де Путиннің жолдауын тыңдайтын болады. Путин ол кезде де болады. Бола бермек.

Путин билікке келген тұста өмірге келген ұрпақты Кремль улап жатыр қазір. Насихатымен. Ақпаратымен...

Ілгеріде айттым, алда әлі 6 жыл бар. Путин әлі 6 жыл билеп төстейтін болды. Жиынтығы 24 жыл. Бұдан кейін не болмақ? Білмеймін. Белгісіз...

 

                                                                  Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости