Атырау қалалық прокуратурасы блогер Құралай Болатова таратқан, “күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерінің туысы” деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми хабарламада прокурорлар бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын атап өткен.
«Қылмыстық іске қатысы бар ешбір тұлға прокуратура қызметкерлерімен туыстық байланыста емес», – делінген мәлімдемеде.
Прокуратура азаматтарды тергеу астында жүрген адамның шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдемелеріне сенбеуге шақырды.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полицияның хабарлауынша, күдіктілердің бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал екіншісі қала аумағынан табылмағандықтан, іздеу жарияланған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам ұрлау» және «Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша тергеліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін блогер Құралай Болатова таныстарының оны алдап, зиратқа апарып соққыға жыққанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жанжалдың себебі 100 мың теңгеге байланысты туған.