Әлеуметтік желілерде атыраулық блогер Құралай Болатова жантүршігерлік жайт туралы үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, Instagram-да 13 мың оқырманы бар блогер Құралай Болатова шабуыл құрбаны болған.
Қыздың айтуынша, ол Ыстамбұлға турды жарнамалауға келісіп, өзі де 100 мың теңге алдын ала төлеген. Алайда сапар орындалмаған, ал ақшасын қайтаруды талап еткен кезде оған қоқан-лоққы жасала бастаған.
3 қазанда турды ұйымдастырған қыздар блогерді аңдып, "сөйлесейік" деп көлікке отырғызған. Кейін оны қала сыртындағы зират маңына апарып, дене жарақатын салған.
Атырау облыстық Полиция департаменті Dalanews.kz-ке берген жауабында осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
"4 қазанда 25 жастағы атыраулық тұрғын полицияға өзіне таныстары дене жарақатын салғаны жөнінде арызбен жүгінді. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталып, полицияға жеткізілді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Бейнебақылау жазбалары алынды, куәгерлерден жауап алынып, беттестіру өткізілді. Арызданушының барлық уәжі толығымен тексеріледі, әрбір қатысушының іс-әрекетіне заң аясында баға беріледі. Бұл істің тергеу барысы менің жеке бақылауымда", - деді Атырау облыстық ПД басшысы.