Президенттің Жетісуға жасаған жұмыс сапары Шоқан Уәлихановтың басына зиярат жасаудан басталды

Dalanews 26 окт. 2023 16:00 1288

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Президент өңірдегі бірқатар мәдени, туристік, өндірістік нысанды аралап көреді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарының басы көрнекті этнограф, фольклортанушы, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлихановтың бейітіне зиярат етуден басталды.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейіне барды. Музейде Президентке Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбек жолы, әскери қызметі, тарихи-этнографиялық, георафиялық зерттеулері және ғұмырының соңғы кезеңі туралы тарихи деректер мен жәдігерлер таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған еңбектердің бәрін оқып шыққанын еске алып, оның зерттеу жұмыстарымен таныс екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Президент музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек екеніне назар аударды. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, музей қызметкерлерімен әңгімелесті.


Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, бүгінде өңірде туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалуда. Соңғы үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өсті. Бүгінде аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағына реконструкция жасалып, тұрақты әуе қатынасы жолға қойылды. Биыл «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды және «Үшарал – Достық» автожолының реконструкциясы аяқталды. Қазіргі кезде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары» әзірленді. Оның аясында ұзындығы 16 шақырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы демалыс аймақтары орналастырылады. Жоспар шеңберінде 30 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар келесі жылы көлге апаратын «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» жолының реконструкциясын аяқтау жоспарланып отыр.

«Алтын-Емел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмге басымдық беріледі. Биыл «Altynemel» визит-орталығы ашылды. Ал «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар Текелі маңайында шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Мемлекет басшысы туристік-демалыс аймақтарына инженерлік-коммуникациялық желі жүргізумен және абаттандырумен белсенді түрде айналысып, облыстың туристік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.


– Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор, – деді Президент.

Рекомендовать
Последние новости