Президент тапсырмасы: Шығыстағы полиция қызметін сервистік үлгіге көшіру қалай орындалуда?

Dalanews 10 дек. 2021 15:52 778

Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев ШҚО-да полицияның сервистік моделінің іске асырылуымен танысты.

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының полиция қызметінің сервистік үлгісіне көшіру туралы тапсырмасының орындалуын жаппай тексеруді жалғастыруда.

Жақында Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев келді.
Облыс орталығында «қадамдық қолжетімділік» қағидатын іске асыру шеңберінде ашылған, тәулік бойы жұмыс істейтін азаматтарға ыңғайлы модульдік бекеттерге барды.

Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, облыста материалдық-техникалық құралдармен, оның ішінде заманауи техникамен жабдықталған 7 модуль пайдалануға берілді. Полицейлердің тұрғын үй аудандарында тұрақты орналасуы келіп түсетін сигналдарға неғұрлым жедел ден қоюға және құқық бұзушылықтардың уақтылы жолын кесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министрдің орынбасары қала орталығында орналасқан учаскелік полиция пунктінің қызметімен танысты. Айта кетейік, облыстың бас полицейі Сағат Мадиев атап өткендей, 5 жыл ішінде өңірде қосымша тағы 23 учаскелік пункт салынады. Ағымдағы жылы учаскелік инспекторларға 20 қызметтік автокөлік берілді.

Сондай-ақ, ШҚО полицейлері қоғамдық орындарда орнатылған «SOS» дабыл түймелерінің жұмысын көрсетті. Батырманы басқан кезде ДП жедел басқару орталығының офицерімен автоматты түрде қосылу жүргізіледі, бұл онлайн-режимде өтініш берушімен байланысты ұйымдастыруға және оқиға туралы ақпаратты тіркеуге мүмкіндік береді.

Жұмыс аяқталғаннан кейін Мұрат Баймұқашев облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездесті, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген полицияның сервистік моделіне көшуді масштабтау мәселелері талқыланды.

Рекомендовать
Последние новости