«Пысық» кәсіпкерлер ЭКСПО логотипімен тұшпара шығарған

Dalanews 04 авг. 2016 02:16 924

Кейбір «пысық кәсіпкерлер» ЭКСПО логотипін пайдаланып тұшпара, дәптер, қалам, футболка, кепка шығарған. Мұның барлығы заңсыз. Оларға ешкім рұқсат берген жоқ. Сондықтан мұндай кәсіпкерлер заң алдында жауап береді. Бұл туралы Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Коммерцияландыру департаменті директорының орынбасары Илья Оразақов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
– Жарнама және маркетинг заңы бойынша бренд танымал болған сәтте пираттық тауарлар пайда болады. Пираттық тауар деген не? Бұл – лицензияланбаған тауар. Оған ешкім рұқсат бермеген. Бүгін біз осындай жағдайға тап болып отырмыз. Еліміздің кейбір қалаларында ЭКСПО логотипімен кеңсе заттарынан бастап азық түлік өнімдері пайда болған.  Мысалы, бір компания ЭКСПО логотипімен тұшпара шығарған. Сондай-ақ, біз сапасыз жасалған қалам, дәптер, футболка және кепка тауарларын көрдік. Олай істеуге болмайды. Мен кәсіпкерлерді сақ болуға шақырамын. Олар осы әрекеттері үшін заң алдында жауап береді, – дейді ол.

Сонымен қатар, Илья Оразақов ЭКСПО логотипімен тұшпара шығарған компанияға ескерту жасалғанын айтты.
– Біз ол компанияға арнайы хат жібердік. Оларға осындай әрекетке бармас бұрын бізбен хабарласу қажеттігін түсіндірдік. Яғни, белгілі бір компания бізбен жұмыс істеу үшін сапа және қауіпсіздік стандарттарынан өтеді. Кейін оған арнайы лицензия беріледі. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің беделін ойласақ, мұндай тұшпаралар ешқашан шығарылмайды, – деп түйіндеді директордың орынбасары сөз соңын.

 

 

Дәурен ЕРБОЛАТ

Рекомендовать
Последние новости