Перизаттың жолын қуды ма? "Қазақ Робин Гуд" деп танылған блогерге қатысты тың деректер шықты

Сағыныш Сардарова 16 апр. 2025 14:09 1015

Жуырда танымал қайырымдылық қордың жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Журналист Гүлмира Әбіқай Ілияс Сариевке қатысты мәліметті бөлісті. Dalanews.kz мән-жайға шолу жасады.

Блогер неліктен ұсталды?

"Елге көмек бер" қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталғанын алғашында заңгер Нұрсұлтан Орынбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, жұрттан Сариевтің үстіне арыз түскен.

"Қазақ Робин Гуд Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды. Алматыдан осындай хабар келді. Бірнеше адамнан алаяқтық әрекеті бойынша арыз түскен еді. Қазір сол бойынша ұсталғаны белгілі болды. Алданғандар болса, Алматы ІІД-не арыздансаңыздар болады", - деді ол.

Артынша Dalanews.kz Алматы Полиция департаментіне сауал жолдап, ресми ақпарат та алды.

"Алмалы аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп жазылған Алматы Полиция департаментінің бұған дейінгі жауабында.

Жаңа дерек: блогер жұртты алдап жүрді ме?
 
Журналист Гүлмира Әбіқайдың сөзінше, Ілияс Сариев үй алып беремін деген отбасы далада қалған.
"Ілияс үй әперемін деп халықтан ақша жиып, 1 жыл бойы уәдемен алдаған отбасы бүгін далада қалды... Ал халыққа мына видеоны көрсеткен еді. Мына жерде бәрі өтірік, сценарий, ал сіздер сендіңіздер. Отбасының мүгедек баласына жиылған бұл сбор да Ілиястың қалтасына кетті. Әкесіз балаларды алдап кеткенің бе, не болғаны? 3 бала Ілиясқа сеніп, 8 ай сабақтан қалды", - деген журналист суреттерді қоса жүктеді.
Гүлмира Әбіқайдың желідегі парақшасынан алынған сурет
 
Сондай-ақ, ол аудиохабарлама жариялаған. Онда отбасы қандай жайтқа тап болғаны айтылады.

"Баспана алып береміз деп келіп түсіріп алып кетті. ...Кейін Алматы қаласына алып кетті, Елтай деген ауылға апарып, үй берді. Үйге 500 мың теңге берген. Одан кейін "іс сапармен кетіп жатырмын, келгеннен кейін он төрт күн кішінде үйдің құжатын аударып беремін" деген. Ол кісілер келіскен. Құжат түрінде ешқандай келісім болмаған. Ол жаққа барғаннан кейін ақшаны бермеген. Кейін бұл үйдің адамдары үйден қуып шығады. Әзірге жалдамалы пәтерде, Ілияс ай сайын ақшасын төлеп тұр. Бірақ баспана да жоқ, балалар мектепке де барған жоқ", - дейді аудиожазбада әйел.

Әзірге құзырлы органдар тарапынан бұл іске қатысты анық-қанық ақпарат болмады.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты әрі белгілі заңгер Абзал Құспан Dalanaews.kz-ке осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заң аясында мұндай алаяқтық істерге тосқауыл қоюға толық мүмкіндік бар. Заңгер Ілияс Сариев пен Перизат Қайраттың ісі қоғамға сабақ болуға тиіс деп санайды.

"Сариевтің кінәсі Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігімен, яғни "азаматтарға аса ірі көлемде материалдық залал келтірді" деп танылса, оған қолданыстағы заңнамаға сәйкес 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы әбден мүмкін. Әдетте мұндай істерде материалдық залалдың көлемі аса ірі көлемнен асып түсіп жатады. Сондықтан осы баппен жаза тағайындалуы ықтимал. Перизат Қайратқа қатысты да дәл осындай жаза қарастырылуы мүмкін", – дейді ол.

Сондай-ақ, заңгер "қайырымдылық" атын жамылып жасалатын алаяқтықтың жиілеуіне заңнамадағы олқылық емес, бақылау мен басқарудың әлсіздігі себеп екенін баса айтты. Абзал Құспан қайырымдылық ұйымдарының қызметін жүйелі реттеу үшін Үкіметке нақты талап қойды. Заңгердің сөзінше, мемлекет Түркияның тәжірибесін үлгі етіп алуға тиіс.

"Менің ойымша, бұл біздің Үкіметтің әлсіздігін көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын Түркияда үлкен зілзала болды. 50 мыңға жуық адам қаза тапты. Сол кезде Түркияда орталықтандырылған бір қор ашылып, мемлекет өзі бақылау жүргізді. Көмек бергісі келген кез келген адам сол қорға алаңсыз ақша аударды. Барлық қаражаттың есебі берілді. Мұқтаж жандарға көмекті Үкімет өзі жеткізіп отырды", - деді ол.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Ілияс Сариев qazaq_robin_hood лақапатымен танылған.

БАҚ мәліметінше, бұған дейін де "Елге көмек бер" қайырымдылық қорының басы дауға қалған. Желіде қор қаржыны мақсатсыз жұмсағаны туралы ақпарат та тараған. 

Перизат Қайратқа қатысты іс

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

Алайда 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. Жуырда Перизат Қайратқа қатысты істі тергеу аяқталды.


Рекомендовать
Последние новости