Экономист Айман Тұрсынхан елдегі макроэкономикалық саясаттың қазіргі бағыты экономикаға аса қауіпті деп санайды. Ол субсидиялар мен қолжетімді несие беруді қысқартып, пайыздық мөлшерлемені тым жоғары ұстау арқылы билік экономиканы өркендетудің орнына, оны одан сайын тығырыққа тіреп отырғанын айтады. Осылай деп дабыл қаққан маман мұндайда инфляцияны жеңу мүмкін емес, керісінше, елдегі дағдарысты одан сайын тереңдетіп алуымыз ғажап еместігін де баса көрсетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазір біз сенген мұнайдың бір баррелі 60 доллардан да төменге құлдырап, әлемдік нарықтарда сауда соғысы нағыз қызған шақ. Әрине, мұндайда ел экономикасын шикізат экспортына тәуелділіктен құтқарып, ішкі өндірісті дамыту керек. Онда да импортты алмастыратын жаңа өндіріс ошақтарын ашу, шикізатқа байланбаған экспорттық табысты арттыру ауадай қажет. Мұны Үкімет жақсы біліп отыр. Айтатын сөздері де осы. Бірақ сөз бен істе бірізділік болмай тұр. Керісінше, дамуға жағдай жасайтын кезеңде билік ҚҚС (қосымша құн салығы) мөлшерлемесін арттырып, оған қатысты межені төмендетіп, отандық кәсіпкерлердің тамағына "қос қолдап қол салуда", - дейді ол.
Нәтижесінде, оның айтуынша, импортқа тәуелділіктен қалай құтыламыз деген мәселе сол күйі ашық қалуда. Ұлттық қордың түбі көрініп, шикізат экспортынан түсетін валюта түсімдері азайған тұста бұл мәселенің маңызы одан әрі зораятыны аян.
"Инфляция қаншаға дейін өседі, тұтынушылық несиелеудегі спекульятивтік мөлшерлеме сақталып отырған жағдайда девальвация қандай деңгейді еңсереді? ШОБ шетінен жабылып, жұмыссыздар қатары көбейгенде адамдардың бас көтермесі, несие алмасы, инфляцияның үдеуіне жол бермеу мақсатында артық тұтыныс жасамасы үшін "аузын қалай жабамыз"? Бұл арада "бала өлімі емес" бизнес геноциді туралы мәселе қозғау керек бізге", деп ашынады экономист.
Оның айтуынша, еліміздің бас банкирі нарыққа сай емес несиенің жамандығын, әлеуметтік жәрдемақылардың зияндығын, мемлекеттік даму бағдарламалары мөлшерлемелерін субсидиялау қажеттігін, асыра жасалған тұтыныс инфляцияны зорайтатынын айтатын шығар. Алайда мен мына бір қызық фактімен бөлісе отырайын:
2021 жылы шаруаларға берілген тікелей субсдия ЖІӨ-нің 5,18%-ын құраған, АКК арқылы 5-6% мөлшерлемемен несиелер қолжетімді болған. Ал 2024 жылы мұндай субсидия түрі ЖӨІ-нің 1,8%-ын құрады. АКК несиелендіру сомасы 140 млрд теңгеге дейін артқан. Бірақ жуырдағы шешім бойынша "Бәйтеректің" барлық еншілесіне берілетін несиенің ең төменгі мөлшерлемесі 12,6% болды. Бұл субсидиялауды қоса алғанда. Біреуге артық, біреуге тыртық дегендей...
"Енді есептеңіздер. ҚҚС - 16%, базалық мөлшерлеме - 16.5%, нарықтық мөлшерлеме - 24-56%, ҚҚС бойынша шекті көлем – 40 млн теңгеге дейін, жеңілдіктер мен 2-3%-дағы бөлшек салық 4-6% болды. Үй жанындағы шаштараз немесе шағын дүкен айналымынан 15% КТС алынады. ТШК-ның жыл сайынғы өсетін тарифтері ҚҚС-тың көтерілген пайызын есептемегенде 30-40% құрайды. 1 евроның бағасы сауда соғысы аясында 590 теңгеге дейін "ұшты", ал америкалық валюта 515-530 теңге аралығында "сырғанақ теуіп жүр", ЕАЭО ішінде ішкі нарықтар тарифтерден қорғалмайды, ал ДСҰ бойынша сәл-пәл ғана артықшылық бар. Ресей мен Беларусь санкцияда. Қазақстан санкцияда емес, бірақ есесіне АҚШ-қа тауар экспорттауда 27% баж салығына ілінеді. Ал бұл дегеніңіз АҚШ 34-125% баж салығы кезеңінде жоғалтқан барлық тауар Қазақстан арқылы лап қоятынын білдіреді. Польяк алмасы евроға сатылады, ал еуроаймақтан келіп жеткен тауарлар импорттың 60%-ын құрайды. Міне, евроның неге қымбаттап жатқаны?.. Мұндайда отандық өндіріске қош деместен басқа амал жоқ. Алдыңнан жарылқасын...", деп жазады Facebook-тегі жазбасында.
Бұған дейін сайтымызда "Ұлттық Банк басшысының кеңесшісі базалық мөлшерлемені төмендету неге қауіпті екенін түсіндірді" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ осы сипаттағы "Базалық мөлшерлемені сынаған Құсайынов тағы да мәлімдеме жасады" деген материалмен де таныса отырыңыздар.