Ассамблея елдегі сенім мен тұрақтылықтың берік іргетасына айналды

Азамат Қойшығара 12 апр. 2025 10:19 368

Қазақстан – этносаралық келісім мен татулықтың үлгісін әлемге танытқан мемлекет. Бүгінгі таңда елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, жылдар бойы жүйелі жүргізілген саясаттың, Қазақстан халқы Ассамблеясының жан-жақты жұмысының жемісі десек, әсте қателеспейміз.

Бүгінде Ассамблея тек этностардың мәдениетін дамытуға бағытталған алаң ғана емес, елдегі ішкі тұрақтылық пен сенім атмосферасын қалыптастырушы іргелі институт ретінде бағаланып отыр. Бұл құрылым азаматтық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі тетіктерінің біріне айналды.

Ассамблея құрамына 1000-нан астам этномәдени бірлестік, 1500-ге жуық аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы, жастар ұйымдары мен ғылыми-сарапшылық топтар енеді. Елдің барлық өңірінде 34 достық үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар, "Ассамблея жастары" қозғалысы мен медиация орталықтары арқылы қоғамда бейбіт диалог мәдениеті қалыптасып келеді.

Президент Әкімшілігі жанындағы ҚХА Хатшылығының өкілі Анастасия Щегорцованың айтуынша, Ассамблея бүгінде этностар мүддесін қорғаудан бөлек, барша азаматты ортақ құндылықтар мен ортақ болашақ аясында біріктіруге бағытталған миссия атқарады.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдегі бірлік – тәуелсіздіктің тірегі, ал қоғамдық келісім – өркендеудің негізгі шарты болды. Қазақстанда жүргізіліп отырған бейбітшілік пен татулық саясаты – мемлекеттілікті нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторына айналды, – дейді ол.

Саяси реформалар кезеңінде Ассамблеяның да қызметі жаңа сипат алды. Бүгінде бұл құрылым Парламенттің жоғары палатасында да өкілдікке ие. Сенаттағы бес депутат – Ассамблея атынан ұсынылған азаматтар. Ал Мәжіліс пен Сенаттағы отызға жуық депутаттың басын біріктірген "Бір ел – бір мүдде" тобы этносаралық саясат мәселелерімен тікелей айналысады.

Сенат депутаты Нурия Ниязова бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтеді.

– Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін заңнамалық тұрғыда қолдау қажет. Ассамблея осы тұрғыда да белсенді рөл атқарып отыр. Біз әрбір этносқа қолдау көрсетіп, олардың өз тілін, мәдениетін сақтай отырып, мемлекетпен бірге дамуына жағдай жасаймыз. Бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің" нақты іске асып жатқанының айшықты көрінісі, – дейді депутат.

Қазақстанда жүргізіліп отырған этносаясатқа халықаралық сарапшылар да жоғары бағаларын беріп келеді. Олардың пікірінше, ҚХА – этностар арасындағы сенімді диалог пен шиеленістердің алдын алудың уақыт сүзгісінен өткен тиімді құралы.

Талғат Қалиевтің айтуынша, дәл осы Ассамблеяның арқасында Қазақстанда бірде-бір ұлтаралық қақтығыс тіркелмеген.

– Қазақстанда жүзден астам этнос бар. Бірақ біз олардың арасында сенім мен өзара түсіністіктің ерекше үлгісін көрсете алдық. Тіпті, өзге елдерде өзара тарихи қарама-қайшылығы бар халықтар біздің елде дос болып, бірге өмір сүріп жатыр. Бұл – халқымыздың кең пейілі мен мемлекет жүргізіп отырған ұтымды саясаттың нәтижесі, – дейді ол.

Сондай-ақ, сарапшы мемлекеттік тілдің біріктіруші факторға айналып келе жатқанын да атап өтті. Бүгінде түрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгеріп, оны қоғамдық қатынаста қолдануға бейімделуде. Мемлекеттік тілді этностар арасындағы байланысты нығайтатын құралға айналдыру – ҚХА жұмысының маңызды бағыты.

Ассамблея жұмысының тағы бір маңызды бағыты – этномедиацияны дамыту. Бұл – дау-жанжалдың алдын алып, келісімге келудің өркениетті тетігі. Сарапшылардың пікірінше, этномедиация – қазіргі заманғы Қазақстан үшін аса қажет құрал. Бұл әдіс әлеуметтік және этникалық негіздегі келіспеушіліктерді реттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Ассамблея ғылыми қауымдастықпен де тығыз байланыс орнатып келеді. Жоғары оқу орындарында ҚХА кафедралары ашылып, этносаралық қатынастарды зерттеу, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Еліміздің ішкі тұрақтылығы тек құқықтық тетіктермен ғана емес, қоғамдық сана мен ортақ құндылықтарға сүйенетін жұмсақ күш арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда Ассамблеяның атқарып отырған рөлі орасан. Оның аясында этностар тек мәдениетін сақтап қана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосып отыр.

Қорытындылай келгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамды біріктіруші күш, мемлекет пен азамат арасындағы сенімді диалогтың арнасы. Татулық пен бірлік идеясы – Қазақстанның болашағына салынған берік іргетас. Бұл құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың ортақ парызы.

 


Рекомендовать
Последние новости