Қырғызстан құқық қорғау органдары белгілі боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға іздеу жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі 24.kg-ге сілтеме жасап.
Бішкек қаласының ішкі істер басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, Екатерина Биволға Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы бойынша (“Нәсілдік, этникалық, ұлттық немесе өңірлік араздықты қоздыру”) айып тағылған. Тергеу органдары оған бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу түріндегі жазаны сырттай бекіткен.
Аталған баптың санкциясы бойынша кінәлі деп танылған адам бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Екатерина Бивол әлеуметтік желіде түрлі ұлт өкілдеріне бағытталған қорлайтын сөздер айтылған видеоны жариялаған болатын. Бұл жазба қоғамда үлкен сынға ұшырап, көптеген қолданушылар оның әрекетін айыптады.
Желі қолданушылары әйелдің сөзі Қырғызстандағы ұлтаралық келісім мен өзара құрмет қағидаттарына қайшы екенін атап өтті.
