Жетісу облысы құрылғаннан бері дәрігер тапшылығы 20,3%-ға төмендеді

Ақтоты Жапатова 11 апр. 2025 12:48 363

Жетісу облысы құрылғаннан бері медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарымен 81 елді мекен қамтылды, ал дәрігер тапшылығы 20,3%-ға төмендеді. Биыл тағы 72 елді мекенде жаңа медициналық мекемелер бой көтереді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Облыс құрылғалы бері өңірде Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында 250 орынға арналған емхана, Көксу ауданы Ақшатоған, Еңбекшіқазақ ауылдарында, Алакөл ауданы Қамысқала ауылында, Панфилов ауданы Шежін ауылында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылында дәрігерлік амбулатория, Алтынарық ауылында медпункт салынды. Сол сияқты 58 блок-модульді кешен орнатылды, соның ішінде республикада тұңғыш рет Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында және Панфилов ауданының Жаркент қаласында блок-модульдік конструкцияны қолдана отырып тұрғызылған жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы станциясы да бар. Осындай нысандар биыл тағы 4ауданда – Қаратал ауданының Үштөбе қаласында, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында, Текелі қаласында бой көтереді.

Оған қоса «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 15 нысанның құрылысы аяқталып, тағы 44-інің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Қаратал ауданы Үштөбе қаласында демеушілер есебінен 50 орынды дәрігерлік амбулатория бой көтерді.

Сонымен бірге үш жыл ішінде 7 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы 7-еуі күрделі жөндеуден өткізіледі.

Қабылданған осындай шаралардың арқасында денсаулық сақтау саласында бейімделген ғимараттардың саны 209-дан 127-ге қысқарды.

Сондай-ақ биыл бейімделген немесе жалға алынған ғимаратта отырған 72 медициналық мекеме үшін жаңа нысандар салынып, жабдықтау жоспарланған. Оған қоса биыл Талдықорғанда инвестор компанияның қаржысына 200 орынды заманауи онкологиялық диспансердің құрылысы басталады.

Облыста медициналық кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешуге де ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес республикада алғашқы болып өңірдегі ауылдық жерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 млн. теңгеден, қалалық жерге 5 млн. теңгеден бір реттік көтермеақы беру жүйесі енгізілді.

Осы мақсатқа 2024 жылы жергілікті бюджеттен 495 млн. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде былтыр көтермеақы 75 дәрігерге төленді, оның 24-і ауылдық жерде, 51-і қалалық жерде жұмыс істейді. Осындай шаралардың арқасында облыста кадр тапшылығының саны 202-ден 161-ге, яғни 20,3%-ға төмендеді.

Ауылдық жерге келген дәрігердің бірі - 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов. Ол Қабанбай ауылындағы Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа тұрған.

- Әрине, жұмыс істеу оңай емес, кішігірім жарақаттарды қоспағанда, күніне 2-3 күрделі ота жасалады. Бірақ, біз, дәрігерлер бұл жолды өзіміз таңдадық. Біздің басты міндетіміз – адамдарға көмектесу. Менің балалар хирургы, травматологы, балалар ортопеді, балалар урологы бағытында 4 сертификатым бар. Сондықтан емізулі жастағы нәрестелерден бастап түрлі операциялар жасай аламын. Біздің бөлімде лапароскоп құрылғысы бар, бұл кез келген ауруханада бола бермейді. Мұндай заманауи медициналық жабдықты пайдалану жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, науқастың операциядан кейінгі оңалту процесін жеделдетеді, - дейді маман.

Жалпы облыстағы медицина нысандарының базасында кардиохирургия, онкология бойынша күрделі операциялар жасалуда.

Мәселен, облыстық кардиологиялық орталықта бүгінгі күні жоғары технологиялы медициналық көмектің 20 түрі көрсетіледі. Өткен жылы мұнда 380 ота жасалса, биыл тағы 450-ден астам ота жасалады деп күтілуде. Атап өтерлігі, клиникада жасанды интеллектісі бар жүрек ресинхрондау терапиясы қолданылады. Сол сияқты биылғы жылдан бастап кардиохирургиялық оталар балаларға да жасала бастады.

Бұл ретте Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта 2023 жылы ашылған «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығын да атап өтуде болады.  Бұл инновациялық орталықта нейро-ортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген. Нысан 2023-2024 жылдары 215 балаға оңалту шараларын жүргізсе, биыл жыл басынан бері 51 баланы қабылдады.

Материалдық-техникалық базаның жайына келсек, үш жыл ішінде медициналық  мекемелерді қажетті құрал-жабдықпен қамту деңгейі 93% жетті. 2022-2024 жылдары 133 жедел жәрдем көлігі сатып алынса, соның көпшілігі ауылдық жерлерге жіберілді, биыл тағы 29 санитарлық көлік алынады деп жоспарланған.


Рекомендовать
Последние новости